Құрметті азаматтар

Шаухин Ниғмет Қисабекұлы

Шаухин Ниғмет Қисабекұлы

1956 жылы  23 қыркүйекте Большенарым ауданы Большенарым (қазіргі Үлкен Нарын) ауылында дүниеге келді. 1979 жылы Өскемен қаласындағы жол-құрылыс институтының  «Автомобиль жолдары»  факультетін инженер-құрылысшы мамандығымен бітірді.
Еңбек жолын 1979 жылы Большенарым (қазіргі Үлкен Нарын) ауылындағы  №38 Жол басқармасына қарасты ДЭУ-5 мекемесінде бас инженер лауазымында  бастады.
Ниғмет Қисабекұлы өзінің саналы ғұмырын құрылыс саласына арнап, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосты. Ұзақ жылдар ауданымыздағы коммуналдық шаруашылықты ұстап тұрды. Облыстық және аудандық маңызды жолдарды ұстап тұруға, ауылдарды абаттандыруға зор үлес қосты. Ауданымыздағы көптеген ғимараттардың құрылысына  өз қолтаңбасын қалдырды. Тәуелсіздік жылдары Ниғмет Қисабекұлының басшылығымен Өрел ауылындағы мектеп, Үлкен Нарын ауылындағы балабақша, Алтынбел ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараттары бой көтерді.
Ниғмет Қисабекұлының демеушілік істері аудан халқының көз алдында. Жыл көлемінде өзінің шама-шарқынша демеушілік көмек көрсетіп отырады. Өз қаражатына аудан орталығындағы шаңғы базасын салып берді. Бірнеше ғимаратты мемлекеттік меншікке өткізді, оның ішінде «Нұр Отан» партиясының ғимараты да бар. Өрел орта мектебіне, «Балбөбек» балабақшасына көлік сыйға тартты. Аз қамтылған отбасыларға, еңбек және соғыс ардагерлеріне үнемі демеушілік жасап отырады.
Ниғмет Қисабекұлы ұзақ жылдардағы   жемісті еңбегі үшін «ҚР білім беру саласының үздігі», «Құрметті құрылысшы» төсбелгілерімен, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына жиырма жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Халық қалауымен облыстық мәслихаттың І шақырылымының,  аудандық мәслихаттың   ІV, V, VI шақырылымдарының депутаты болып сайланды.

2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның  әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Ниғмет Қисабекұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

 

Парақтар өзгертілді: 01-03-2019