Құрметті азаматтар

Тұрысбаев Оразхан Сүлейменұлы

Тұрысбаев Оразхан Сүлейменұлы

1943 жылы Большенарым (қазіргі Катонқарағай) ауданы, Майемер ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Университеттің заң факультетін бітірген.
Еңбек жолын 1969 жылы ШҚО, Зайсан ауданы прокуратурасының тергеушісі болып бастайды. 1971-73 жылдары облыстық прокуратураның аға тергеушісі болады. 1973-83 жылдары Тарбағатай ауданында екі мерзім прокурорлық қызметті атқарады. 1983-85 жылдары облыстық прокуратураның аға тергеушісі болып  істеді. 1985-99 жылдар  аралығында Ұлан, Күршім аудандарының прокуроры болып қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты. Қызмет атқарған жылдары аудандық кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Облыстық партия конференциясының, Қазақстан Компартиясының 1991 жылы болып  өткен  XVII съезінің делегаты болып сайланды.  Зейнетке шыққаннан кейін ШҚО прокурорының шақыруымен 2000-2003 жылдары Катонқарағай ауданы прокурорының орынбасары болып қызмет етті. Кейін аудан әкімінің аппаратында біраз жыл еңбек етіп, көпшіліктің қолдауымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осы жұмысты атқару кезінде аудан әкімдігімен, жергілікті жердегі атқару органдарымен тығыз қарым-қатынаста болып, аудандағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің, зейнеткерлердің заңды талаптарының  орындалуына, ҰОС ардагерлерінің тұрғын үймен, коммуналдық үймен, телефон байланысымен, Отау ТВ телеарнасымен тегін қамтамасыз етілуіне ықпал етті. Аудан орталығындағы паркте Кеңес Одағы батырларының, Социалистік Еңбек Ерлерінің және Алтынбел ауылығындағы орта мектепте Б.Кітапбаевтың кеудемүсіндерінің орнатылуына өз үлесін қосты.
Аға әділет кеңесшісі Оразхан Сүлейменұлы КСРО Бас прокурорының, ҚР Бас прокурорының, облыс прокурорының алғыстарын алған. Есімі  КСРО Бас прокуратурасының Құрмет кітабына енгізілген. Көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.

2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның  әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Оразхан Сүлейменұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

 

Парақтар өзгертілді: 01-03-2019