Құрметті азаматтар

Кітапбаева Ғафура Серғазықызы

Кітапбаева Ғафура Серғазықызы

1941 жылы 12 наурызда Катонқарағай ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары.
1957 жылы Шыңғыстай орта мектебін бітіргеннен кейін білімін Өскемен медициналық училищесінде  жалғастырып, оны 1962 жылы бітіреді. 1962-65 жылдар аралығында Жамбыл ауылындағы фельшерлік пункте медпункт меңгерушісі қызметін атқарады. 1965-72 жылдары Семей медициналық институтының емдеу факультетінде оқып, жоғары білімді дәрігер мамандығын алады.
1972-80 жылдар аралығында Большенарым (қазіргі Катонқарғай) аудандық ауруханасында дәрігер-терапевт, кейін 1980 жылдан бастап аудандық емдеу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1987 жылы Томск қаласында, 1990 жылы Алматы қаласында, 1991 жылы Новокузнецк қаласында, 1998 жылы Семей қаласында кәсіби білімін жетілдірді. 2010 жылы мәңгілік дәрігер терапевт сертификатын алды. Білікті маман,  жоғары санатты дәрігер терапевт, жақсы ұйымдастырушы, өз ісін жанындай жақсы көретін кәсіби дәрігер, адамгершілік қасиеті жоғары, көпшіліктің құрметін иеленген ақ халатты абзал жан  зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ұзақ жылдар денсаулық саласында жемісті еңбек етті. Өзінің жинаған мол тәжірибесін үнемі жас мамандармен бөлісіп, ақыл-кеңесін беріп келеді.
Еңбек еткен жылдары Ғафура Серғазықызы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің озық қызметкері төсбелгісімен және Қазақстан Республикасы Денсаулық Сақтау министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталған. 1987 жылы Мәскеу қаласында болған Бүкілодақтық дәрігерлер съезінің делегаты. Әріптестері, шәкірттері, жалпы аудан халқы Ғафура Серғазықызын әр кез құрметтеп, мақтан тұтады.

2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның  әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Ғафура Серғазықызына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

Парақтар өзгертілді: 01-03-2019