Құрметті азаматтар

Қазанов Байрахмет Самажанұлы

Қазанов Байрахмет Самажанұлы

1938 жылы 8 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Большенарым (қазіргі Катонқарағай) ауданы, Теректі ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді.
Байрахмет Самажанұлының балалық шағы Большенарым ауданының Балғын ауылында өтті. 1945 жылы Балғын сегізжылдық мектебінің табалдырығын аттады. 1953 жылы мектепті бітіріп, Большенарым (қазіргі Катонқарағай)  ауданы Свинчатка ауылындағы механизаторлар дайындайтын кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, оны 1954 жылы бітірді. Дипломын қолына алған соң, еңбек жолын Большенарым ауданының «Абай» ұжымшарында бастады. У-2 маркалы дөңгелекті трактор мен ДТ-54 жалпақ табанды трактор жүргізді.  Еңбек жолында ол ерінбей, төзімді еңбек етті. «Абай» атындағы ұжымшар «Қазақстанның 40 жылдығы» кеңшарына ауысқанда да механизатор болып, еңбек жолын жалғастырды. Жұмыста өзін ылғи да жақсы жағынан көрсетіп, еш қиындыққа мойымай, басшылардың талаптарын орындай білді. Осы еңбегі бағаланып, «Еңбек даңқы» орденімен, «Еңбек ардагері», «В.И.Лениннің 100 жылдығы», «Социалистік жарыс жеңімпазы» медальдарымен, құрмет грамоталарымен және жыл сайын алғыс хаттармен марапатталып отырды. Басшылар көп жылдық еңбегін бағалап, бөлімшеге бригадир етіп сайлады. Осы салада 5 жыл  жұмыс атқара отырып, өзін көрсете білді. Еліміздің сол кездегі астанасы Алматы қаласында өткен халықаралық съезге делегат болып барды. 1993 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Байрахмет Самажанұлы зейнеткерлікке шықса да қоғамдық жұмыстан қол үзбей, жас буынға өзінің ақыл-кеңесін беріп отырады.

2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның  әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Байрахмет Самажанұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

Парақтар өзгертілді: 01-03-2019