Құрметті азаматтар

Қажаев Оралғазы Мәуітұлы

Қажаев Оралғазы Мәуітұлы

1950 жылы 1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Чернова (қазіргі  Аққайнар) ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Семей қаласындағы Н.К.Крупская атындағы педагогикалық инистуттың тарих факультетін бітірген.
Еңбек жолын Катонқарағай марал кеңшарында бастады. 1971-74 жылдары осы кеңшарда комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарды. 1974-86 жылдар аралығында Олений парк (қазіргі Ақмарал) ауылындағы сегіз жылдық мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет етті. Өз ісіне тындырымды, іскер азамат басшылардың көзіне түсіп, аудандық атқару комитетіне жұмысқа шақырылады. Оралғазы Мәуітұлы  Катонқарағай аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің бастығы, жауапты хатшысы, іс басқарушысы, аппарат жетекшісі қызметтерін атқарады.
1998 жылдан жаңадан қосылған Катонқарағай ауданының әкімдігінде тіл жөніндегі бас маман, аудандық мәслихаттың кеңсе меңгерушісі, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы болып жемісті еңбек етеді. Аудандық мәдениет бөлімінің бастығы болып қызмет еткен жылдары бір жылда аудандық мәдениет үйімен қоса жеті ауылдық клубты күрделі, ағымдағы жөндеуден өткізуге қол жеткізді.
Кейін  ШҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Облыстық тарихи – өлкетану музейі» Катонқарағай аудандық филиалының басқарушысы болып, сол қызметтен зейнетке шығады. Зейнет жасынан асса да жұмыстан қол үзбей, ауданның рухани құндылықтарының қайта жандануына өлшеусіз үлес қосады. Оралғазы Мәуітұлы  О.Бөкей қоғамдық қорын басқара отырып, жазушының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында қоладан ескерткіш жасауға, Социалистік  Еңбек Ері Б.Кітапбаевтың кеудемүсінін жасауға ат салысты. Қ.Ысқақтың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында жазушының кеудемүсінін жасауға дәнекер болды. Аудандағы көлемді іс-шараларды ұйымдастыруға, тарихи-рухани дүниесін зерттеп, жарыққа шығаруға зор үлес қосып келеді.

2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның  әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Оралғазы Мәуітұлына  VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

Парақтар өзгертілді: 28-02-2019