Құрметті азаматтар

Бұлғынов Мұхаметқали Тоқтарханұлы

Бұлғынов Мұхаметқали Тоқтарханұлы

1952 жылғы 20 ақпанда Майемер ауылында дүниеге келді. Білімі арнаулы орта. 1967 жылы Көктерек орта мектебін бітірді. Мектептен соң 1968-75 жылдары кеңшарда еңбек етті. 1975-77 жылдары Саратовка ауылындағы Шығыс Қазақстан совхоз-техникумында оқыды. Оқудан кейін туған ауданындағы Ленин атындағы ұжымшарда механик-жабдықтаушы, инженер болып еңбек етті. 1981 жылы өндірістік аумақтың меңгерушісі қызметіне тағайындалып, осы қызметті 1996 жылы ұжымшар тарағанға  дейін аброймен атқарды.
1996 жылы «Бірлік» шаруа қожалығын құрды. Ал қазіргі сәтте «Айдын» ШҚ-ның басшысы, әрі «Бұлғын-У» ЖШС-нің директоры. Ол басшылық ететін шаруашылықтар негізінен егіншілікпен айналысады. Екі шаруашылықтың жалпы жер көлемі – 1500 га. Оның ішінде егістік көлемі – 920 га. Ол алқапта тары, бидай, арпа, сұлы, күнбағыс себіліп, өсіріледі. Өнімді жылдары М. Бұлғынов әр гектардан 25 центнерден бидай алады. «Бұлғын-У» ЖШС-де 30 адам жұмыс істейді. М.Бұлғынов өз шаруашылықтарының материалдық-техникалық  базасын жылдан-жылға жаңартып келеді.
Мұхаметқали Тоқтарханұлы ауыл азаматы, ақсақалы ретінде ауылдық округтің барлық қоғамдық өміріне тығыз араласып, өзінің өмірлік тәжірибесін ауылдастарымен, жас буын өкілдерімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып отырады.
Жемісті еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
Нұр Отан ХДП-ның мүшесі. Аудандық мәслихаттың V шақырылымының депутаты. Өмірлік жары Салтанат Бұлғынова екеуі  төрт  бала  өсіріп, тәрбиелеп,  барлығына  да  жоғары  білім әперген.

2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның  әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Мұхаметқали Тоқтарханұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

 

 

Парақтар өзгертілді: 28-02-2019