Құрметті азаматтар

Балтабаев АмантайБалтабаев Амантай

1952 жылы 1 мамырда Катонқарағай ауданы Берел ауылында дүниеге келді. Білімі жоғары, 1979 жылы Өскемен педагогикалық институтының тарих факультетін, 2007 жылы Орталық Азия университетінің «Юриспруденция» факультетін бітірген.
Өрел орта мектебін бітіргеннен кейін, 1970-72 жылдары Ресейдің Амур облысында  әскер қатарында болды. Еңбек жолын 1973 жылы Өскемен қаласының Бүкілодақтық түрлі-түсті металдар ғылыми-зерттеу институтында слесарь болып бастады. Сол жылы қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Өрел кеңшарының комсомол комитетінің хатшысы болып сайланып, 1974 жылдың қараша айына дейін жұмыс атқарды. 1974-77 жылдары Өскемен қаласының қорғасын-мырыш комбинатында машинист-кочегар, Зырян қаласының  шахта құрылыс басқармасында жер асты үңгушісі болып істеді. 1978-80 жылдары Катонқарағай аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, аудандық партия комитетінің инструкторы  қызметтерін атқарды. 1980-92 жылдары КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері болды. 1992-98 жылдары Катонқарағай «Кредо» ауылшаруашылық өндірісінің директоры, 1998-2008 жылдары Катонқарағай «АСТ» шаруа қожалығының басшысы болды. 2008 -2017 жылдары Катонқарағай ауылдық округінің әкімі болып еңбек етті. Саяси сауатты, ісіне тындырымды, жауапкершілігі мол басшы ретінде Катонқарағай ауылдық округінің дамуына зор үлес қосты. Ұзақ жылғы еңбегі өкімет тарапынан әділ бағаланып, бірнеше мерекелік медальдармен, мақтау қағаздарымен марапатталды. Катонқарағай аудандық мәслихатының екінші, төртінші шақырылымдарының депутаты. 2007 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Бес бала тәрбиелеп, жеткізді.

2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның  әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Амантай Балтабайұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Парақтар өзгертілді: 28-02-2019