Құрметті азаматтар

Алдабергенев Ибрай Қалибекұлы

1959 жылы 9 ақпанда Большенарым (қазіргі Катонқарағай) ауданы Жұлдыз ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1984 жылы Алматы қаласындағы  Қазақ ауыл шаруашылық институтын, 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген.
Еңбек жолын 1976 жылы «Большенарым» аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінде жұмысшысы болып бастады. 1986 жылы Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданы Юбилейный ауылындағы «Большенарым» аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің бөлім басқарушысы болып тағайындалды. 1990 жылы «Юбилейный» кеңшарында бас аграном, 1992 жылы «Юбилейный» кеңшарының директоры болып қызмет атқарды. 1997 жылы Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, бұл қызметті 2003 жылға дейін аброймен атқарды. 2003 жылдан қазіргі уақытқа дейін Катонқарағай ауданында «Сұңқар» шаруа қожалығын басқарып  келеді.
«Сұңқар» шаруа қожалығы заман ағымына сай жемісті еңбек етіп, ауданымыздың ауыл шаруашылығының дамуына зор үлесін қосуда. Іскер басшы, жердің қыр-сырын жетік білетін білікті маман  өзіне тиесілі жерді ұтымды пайдаланып, шаруа қожалығын жылдан-жылға дамып келеді. Қазіргі таңда «Сұңқар» шаруа қожалығы – егін, мал, ара шаруашылығымен айналысып отырған ауданымыздағы ірі шаруашылықтардың бірі. Ибрай Қалибекұлы аудан орталығында наубайхана ашып, ауыл тұрғындарын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Төрт түліктің барлық түрін өсіріп, жаз айларында қымыз, шұбат өндіріп, бал шайқап, табиғи таза өнімдерін халыққа ұсынуда.
Ибрай Қалибекұлы ауданымыздың ауыл шаруашылық саласын дамытуға өз үлесін қосумен қатар, әр түрлі шараларға, аз қамтамасыз етілген отбасыларға демеушілік жасап отырады.

2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның  әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Ибрай Қалибекұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

 


Парақтар өзгертілді: 27-02-2019