Құрметті азаматтар

Шаймарданов Ғани Шаймарданұлы

Шаймарданов Ғани Шаймарданұлы

1975 жылы 18 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Аршаты ауылында дүниеге келген.
1990 жылы Аршаты орталау, 1992 жылы Өрел орта мектебін бітірген. Білімі жоғары. Семей медициналық университетін, Оңтүстік Қазақстан ашық университетін бітірген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жергілікті басқару бойынша білім алады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары заман ағымын тап басып таныған жалынды жас кәсіпкерлікке бет бұрып, өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында биік белестерді бағындырды. Шымкент қаласында «Мұз Тау» атты мейрамхана, Алматы қаласында «Мұз Тау» атты салтанат сарайын ашып, ауданымыздың інжу-маржанын оңтүстікке паш етті. Ұлтжанды азамат өз кәсібін жолға қойып алған соң, ел ертеңі үшін қызмет етуге  бел байлады. Мемлекеттік бағдарламаларға үн қосып, тәуекелі мен жауапкершілігі жоғары істерге белсене араласты, заман талабына сай балабақшалар аша бастады. Алматы қаласында 360 орындық «Нұр-Арай» балабақшасы, 500 орындық «Сұңқар» балабақшасы, Талғар қаласында 600 орындық балабақша, Шымкент қаласында ашқан балабақшалары ел игілігі үшін қызмет етуде. 
Туған жерінен жырақта жүрсе де Ғани Шаймарданұлы өз атамекенін ешқашан жадынан шығарған емес. Ауданымызда бой көтерген Оралхан Бөкей, Қаратай баба ескерткіштерінің орнатылуына,  орасан зор үлес қосты. Өзінің ауылына, мектебіне үнемі демеушілік жасап, қаржылай қолдау көрсетіп отырады.
2018 жылы Ғани Шаймарданұлы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Катонқарағай ауданының Приморск ауылында жыл бойы жұмыс істейтін «Арайлы-Шығыс» атты балалар сауықтыру  лагерін ашып, ауданның тоқсан жылдығына орай тұсауын қиды.
Қайырымдылық жасауды басты қағидам деп санайтын іскер азамат алдағы уақытта да аудан халқының әл-ауқатының артуына, туризм саласының дамуына үлес қосатын тың жобаларды жоспарлап отыр.

2018 жылы 20 маусымда ауданның  әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Ғани Шаймарданұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVIII сессиясының №18/172-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 


Парақтар өзгертілді: 04-12-2018