Құрметті азаматтар

Ахмеров Амангелді НұрахметұлыТатаев Марат Қабдығалиұлы

1950 жылы 16 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Большенарым (қазіргі Катонқарағай) ауданы Балғын ауылында дүниеге келген. 1966 жылы ауыл мектебін тәмамдаған соң Мәскеудің ормантехникалық институтына оқуға түсіп, оны 1971 жылы ойдағыдай бітіріп шықты.
Еңбек жолын халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласынан бастады. Сол салада технолог болып жұмыс істеді. Кейін облыстық тұрмыстық қызмет жөндеу-құрылыс басқармасының бастығы, «Облбытмебель» бірлестінің директоры, Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитеті тұрмыстық қызмет өндірістік бірлестігінің бастығы қызметтерін атқарды. Марат Қабдығалиұлы 1990 жылғы қаңтарда Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, ал 1992 жылғы ақпанда Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 1999 жылғы сәуірде бірінші орынбасары болып тағайындалады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, еліміздегі қаржы тапшылығы кезінде, облыс аумағында нарықтық экономиканы дамыту, баға белгілеу, қызмет көрсету және ақша айналымы, қаржы-несие жүйесін үйлестіру, тұтыну рыногын қалыптастыру, сауда және қызмет көрсету кәсіпорындары мен банктер жұмысын үйлестіру секілді жұмыстарды зор жауапкершілікпен атқарады.
2001 жылдың ақпанында заңды тұлғалардың бірлестігі Атамекен аймақтық көп салаларының қауымдастығы директорлар Кеңесінің төрағасы болып тағайындалады. Халық алдында сіңірген еңбегі әділ бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Ерен еңбегі» үшін медалімен марапатталған. Экономика ғылымының кандидаты.
Марат Қабдығалиұлы – өз атамекенін жанындай жақсы көретін ұлтжанды азамат. Ол кісінің бастамасымен ауданымызда талай ауқымды істер атқарылды. Өз қаржысына аудан орталығына мешіт салғызды. Үнемі демеушілік қызмет көрсетіп отырады.
2017 жылы 13 сәуірде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қайырымдылық көмек көрсетудегі, қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Марат Қабдығалиұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының X сессиясының №10/6-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Парақтар өзгертілді: 13-10-2017