Құрметті азаматтар

Құмарғажин Сая Құмарғажыұлы

Құмарғажин Сая Құмарғажыұлы

1924 жылы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Катонқарағай ауылында дүниеге келген. 1937 жылы әкесі «халық жауы» деген жаламен ұсталып, түрмеде көз жұмады. 1938 жылы Алтай орта мектебінің 6-сыныбын бітірген жас Сая анасына көмектесу үшін мектепті тастап, Молотов атындағы ұжымшарға жұмысқа кіреді. Өз кәсібіне адал, еңбекқор бала ұжымшардың барлық құжаттарын ретке келтіріп, елгезектігімен басшылардың сеніміне кіреді. Жастығына қарамастан Сая Құмарғажинге «Сталин», «Пограничник», «Черняховский» ұжымшарларының есеп-қисап жұмыстары сеніп тапсырылады. Жас маман іріленген «Черняховский» кеңшарында бас есепші болып орналасады. Кейін біраз жыл Катонқарағай аудандық атқару комитетінде, аудандық ауруханада, «Алтай» кеңшарында еңбек етеді. 1967 жылдан 1997 жылға дейін отыз жыл аудандық ветстанцияда есепші болады. Зейнет жасына жетсе де кәсіби маманды он үш жыл бойы жібермейді. Өзінің есеп-қисап саласындағы елу бес жылдық еңбек тәжірибесінде Сая Құмарғажин жерлестеріне жоғары кәсіби біліктілігімен, қиын сәтте адамдарды қолдай білетін қарапайымдылығымен, өз ісіне деген зор жауапкершілігімен танылды. Берел, Аршаты ауылының тұрғындары сонау қиын жылдары Сая Құмарғажыұлының бастамасымен еңбеккүнге 250 жылқы алғандарын, «Черняховский» ұжымшарының жұмысшылары үстеме ақы ретінде астық алғандарын зор ризашылықпен еске алады.
Сая Құмарғажыұлы ауданның қоғамдық істеріне де белсене араласып, игі істердің бастамашысы бола білді. Ол кісінің бастамасымен 1989 жылы Катонқарағай ауылында алғаш наурыз мерекесі тойланып, халықтық мерекеге ұласты, 2004 жылы бұрынғы прокуратураның бос ғимараты мешіт үйіне берілді. 2007 жылы аудан тарихы мен азаматтары жайлы «Ұрпақтар ұмытпасын» атты естелік кітабы жарық көрді.
Ұзақ жылғы мінсіз қызметі өкімет тарапынан әділ бағаланып, көптеген медальдармен, құрмет грамоталарымен марапатталды.
2017 жылы 13 сәуірде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Сая Құмарғажыұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының X сессиясының №10/6-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Парақтар өзгертілді: 13-10-2017