Құрметті азаматтар

Ахмеров Амангелді НұрахметұлыАхмеров Амангелді Нұрахметұлы

1953 жылы 8 қыркүйекте Катонқарағай ауданының Сахатушка ауылында дүниеге келген. 1968 жылы «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы Өрел орта мектебін бітіргеннен кейін кәмелеттік жасқа толғанша ауылда қалып, ата-анасына үй шаруасына көмектеседі. 1970 жылы Өскемен ауылшаруашылығы техникумына оқуға түсіп, оны зоотехник мамандығы бойынша бітіреді.
Екі жыл Кеңес Армиясының қатарында өзінің азаматтық борышын өтейді. 1976 жылы туған жеріне қайтып оралған соң, еңбек жолын «Самар ЭТУС» байланыс Басқармасының Өрел байланыс бөлімшесінде бастайды. Кейін Шығыс Қазақстан электр жүйесі кәсіпорнында электромонтер болып істейді.
А.Ахмеровтың өз міндетіне деген зор жауапкершілігін, жоғары біліктілігін, жақсы ұйымдастырушылық қабілетін байқаған кәсіпорынның әкімшілігі оған үлкен сенім артып, 1980 жылы Өрел электр жүйесі учаскесіне шебер, бір жылдан кейін Катонқарағай аудандық электр жүйесінің бастығы етіп тағайындайды. 1999 жылы бұрынғы Катонқарағай мен Большенарым аудандарының электр жүйелері біріктірілгенде А.Ахмеров Большенарым біріктірілген электр жүйесінің бастығы болады. 2001 жылы өңірлер бөлінгенде Катонқарағай ауылына келіп бұрынғы қызметіне қайта орналасады.
Амангелді Нұрахметұлының энергетика саласындағы ұзақ жылдардағы (қырық жылдан астам) мінсіз еңбегі сала басшылары мен мемлекетіміз тарапынан лайықты бағаланған. Ол «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген энергетик», «Құрметті энергетик» төсбелгілерімен және бірнеше мерекелік медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.
2017 жылы 13 сәуірде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қайырымдылық көмек көрсетудегі, қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Амангелді Нұрахметұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының X сессиясының №10/6-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Парақтар өзгертілді: 13-10-2017