Құрметті азаматтар

Аухадиев Сайлаухан Әбілханұлы Аухадиев Сайлаухан Әбілханұлы 1939 жылы 24 желтоқсанда Күршім ауданы Бестерек ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Құйған орта мектебін аяқтаған соң, Алматыдағы ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне оқуға түсіп, 1963 жылы қызыл дипломмен бітірді. Еңбек жолын Күршім ауданы «Қалғұтты» совхозының бас агрономы болып бастады. 1970-73 жылдары Большенарым ауданы Ленин атындағы колхоздың бас агрономы, 1973-78 жылдары осы шаруашылықтың басқарма бастығы болып қызмет етті. Колхоз шаруашылығын өркендетіп, дамытқаны үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
1978-80 жылдары Марқакөл ауданы Боран совхозының директоры болып еңбек етті. 1981-84 жылдары Алматы жоғарғы Партия мектебін сырттай оқып, қызыл дипломмен бітірді. 1980-90 жылдары Тарбағатай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Қызмет еткен жылдары аудан экономикасын қарқынды дамытуға, халқының мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, сонымен қатар, басшы кадрларды дұрыс дайындап, орналастыруға зор үлесін қосты. 1990-92 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы, 1992-94 жылдары облыстық монополияға қарсы комитетінің бірінші басшысы болды. 1994-2007 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық астық инспекциясының, 1999-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылық министрлігінің Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық басқармасының астық және тұқым инспекциясы бөлімінің бастығы болып қызмет етті.
Сайлаухан Әбілханұлы жемісті еңбегінің арқасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, бірнеше мәрте аудандық, облыстық кеңестің депутаты, Қазақ КСР Коммунистік партиясы XV, XVI, XVII съездерінің делегаты, КОКП Бүкілодақтық XIX партия конференциясының делегаты болып сайланды.
«Еңбек ардагері», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы әкімдерінің мақтау грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталған. Күршім, Тарбағатай аудандарының құрметті азаматы.
2000 жылы 27 қаңтарда  ауданның ауылшаруашылық саласына қосқан зор үлесі үшін Сайлаухан Әбілханұлына II шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының  II сессиясының  №2/6-II шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.      

Парақтар өзгертілді: 04-07-2016