Құрметті азаматтар

Авгамбаев Дульден ТатыбаевичАуғамбаев Дөлден Татыбайұлы

1919 жылдың 10 қазанында  Катонқарағай ауданының Жамбыл ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Ұлты – қазақ. Ұлы Отан соғысының ардагері. Дөлден Татыбайұлы 1939 жылдың 2 қазанында он сегіз жасында Сібір әскери округінде алғаш құрылған 53-ші атқыштар полкінің құрамында әскери ант қабылдады. Соғысқа 543-ші артиллериялық полк құрамында кірді. 1941 жылдың қыркүйек айында Киевті қорғау кезіндегі ұрыста басынан қатты жарақат алды.  Ұзақ уақыт Ворошиловградтағы госпитальда емделген соң, әскери жолын Оңтүстік-Батыс майданында 150-ші артиллериялық полктің құрамында жалғастырды. Кейіннен өзінің артиллериялық бөлімшесімен бірге 2-ші Украина майданының құрамында Украинаның көптеген қалаларын – Харьковті, Киевті, Житомирді және басқа да қалаларды азат етуге қатысты. 1945 жылдың көктемінде жеңісті неміс қалалары Гамбург пен Магдебургте қарсы алды. 1946 жылы үйіне қайтып оралған соң ауылшаруашылық өндірісінде ұзақ жылдар бойы адал еңбек етті. Сталин атындағы ұжымшарда малшы, бригадир, «Өрел» кеңшарында есепші болып қызмет атқарды. Зайыбы Қамила екеуі отбасында он екі бала тәрбиелеп, олардың жетеуіне жоғары білім әперді. Ақсақалдың қазір 36 немересі, жеті шөбересі бар. Дөлден Ауғамбаев соғыс жылдарындағы ерліктері мен бейбіт өмірдегі адал еңбегі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен,  «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков», «Еңбек ардагері» медальдарымен және көптеген мерекелік медальдармен, алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен марапатталған.
2015 жылы 16 маусымда өз іс-қызметі арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Дөлден Татыбайұлына Катонқарағай аудандық мәслихатының ХХХI сессиясының 31/247-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

Парақтар өзгертілді: 21-07-2015