Құрметті азаматтар

Акимбаев Нұрлан СейтенұлыАкимбаев Нұрлан Сейтенұлы 1942 жылы 24 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келді.
1957 жылы Шыңғыстай орта мектебінің сегізінші сыныбын бітіргеннен кейін жанұя жағдайына байланысты оқуын жалғастыра алмай, «Молотов» атындағы колхозға жұмысқа кіреді. Осы колхозда, 1958 жылдан бастап қайта құрылған «Алтай» совхозында көмекші шопан, тіркемеші, балғашы болып жұмыс істейді. 1960-61 жылдары аудандық әскери комиссариат атынан шоферлар курсын оқып, 1962 жылы әскер қатарына шақырылады. 1965 жылы Түркістан әскеи округінде өзінің Отан алдындағы әскери борышын аброймен атқарып келген жас жігіт «Алтай» совхозына жүргізуші болып жұмысқа кіреді. 1976-82 жылдары «Алтай» совхозы Шыңғыстай бөлімшесінде механик, трактор дала бригадирі болып еңбек етеді.
1982 жылы қызметте шыңдалған, өз ісін жетік білетін маман №3 Шыңғыстай  бөлімшесіне  меңгеруші болып қызметке орналасады. «Алтай» совхозының  Жаңаүлгі, Шыңғыстай бөлімшелерінде меңгеруші болып ұзақ жылдар еңбек еткен Нұрлан Сейтенұлы жекешелендіру кезінде «Қызыл тау» шаруа қожалығын құрып, шаруа қожалығының басшысы ретінде көптеген игі істер атқарды. Ауылда ұн тартатын диірмен ашып, халықты ұнмен қамтамасыз етті. Жас ұрпақтың тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, мектепке, тұрмысы төмен отбасыларға үнемі демеушілік жасап отырды.  2005 жылы құрметті зейнетке шықты. Катонқарағай ауданының ауылшаруашылық өндірісіне сіңірген елеулі еңбегі және жас ұрпаққа тәлім-тірбие берудегі белсенді қоғамдық қызметтері үшін аудан әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталып, көптеген алғыс хаттар алған.
2013 жылғы 26 ақпанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор еңбегі және қайырымдылық көмек көрсетудегі, қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Нұрлан Сейтенұлына V шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының  X сессиясының №10/81-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. 

    

 

    

 

 


Парақтар өзгертілді: 26-11-2014