Құрметті азаматтар

Алпысова Зәбила Алпысқызы Алпысова Зәбила Алпысқызы 1923 жылы 1 қыркүйекте Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. 1930-1940 жылдары Шыңғыстай орта мектебін айрықша аттестатпен оқып бітірді. Мектеп бітіре салысымен жалынды жас қыз өз мектебіне мұғалімдік қызметке араласты. Ел басына күн туған қаһарлы соғыс жылдары Чернова ауылындағы орыс мектебінде ашылған бесінші қазақ сыныбына барлық пәннен, Шыңғыстай орта мектебінде математика пәнінен, Таңба орталау мектебінің бесінші–жетінші сыныптарына физика-математикадан сабақ берді. 1944 жылы осы мектептің оқу ісінің меңгерушілігіне ауыстырылды. Келесі жылы Алтай орталау мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып, физика-математика пәнінен сабақ берді. Соғыс аяқталған соң, 1945 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, 1949 жылы қызыл дипломмен оқып бітірді. Институтты бітіріп келген жылдан бастап 1983 жылға дейін, зейнеткерлікке шыққан соң да он жылдан астам уақыт Зәбила Алпысқызы табан аудармай Шыңғыстай орта мектебінде жас ұрпаққа білім берді. Қазақ КСР халық ағарту ісінің озат қызметкері, бірнеше дүркін облыстық, аудандық Кеңестің депутаты, Республикаға еңбек сіңірген мұғалім Зәбила Алпысқызы мыңдаған шәкіртті білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанат қақтырды. Олардың ішінде атағы алты алашқа жайылған айтулы тұлғалар аз емес. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі жоғары бағаланып, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері»және I,II дәрежелі «Ана» медальдарымен, «В.И.Лениннің жүз жылдығы», «1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50 жылдығы» мерекелік медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақ КСР Халық ағарту Министрлігінің, БЛКЖО ОК-нің мақтау грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасының Мұғалімдерінің IV съезіне, Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының IX съезіне делегат болып қатысқан. Қазір Республикалық мәндегі дербес зейнеткер.
2013 жылғы 26 ақпанда ауданның білім саласына сіңірген зор еңбегі үшін Зәбила Алпысқызына V шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының X сессиясының №10/81-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.  

 

 


Парақтар өзгертілді: 26-11-2014