Құрметті азаматтар

Рақышев Ораз ҚалиоллаұлыРақышев Ораз Қалиоллаұлы 1938 жылы 17 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, бұрынғы Черновая ауылында дүниеге келген. Әкесі соғыста қайтыс болып, інісі Мэлс екеуін шешелері Батиха ер жеткізіп, білім әпереді. 1950 жылы Чернова бастауыш мектебін, 1956 жылы Шыңғыстай орта мектебін бітіреді. Алматы байланыс училишесін аяқтаған соң туған ауылында еңбек жолын бастайды.
1961 жылы әскер қатарына шақырылып, Калининград қаласында әскери борышын өтейді. 1964-65 жылдары Ярослав және Вольск әскери училищелерін, 1974 жылы Ленинградтың командалық және жабдықтау академиясының тыл жөніндегі факультетін бітірген. Әскери өмірінің басым бөлігін Қазақстаннан тысқары жерде – Германияда, Венгрияда, Россияның Москва, Ленинград, Горький, Нижегородск қалаларында өткізіп, жоғарғы командалық деңгейдегі әскери бригаданың, дивизия командирінің орынбасары қызметтерін аброймен атқарған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әскери тәжірибесі мол Ораз Қалиоллаұлы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің материалдық байлықтар жөніндегі министрлігінің бас маманы, Семейдегі Армия корпусы командирінің тыл жөніндегі орынбасары, Республика қорғаныс министрінің орынбасары болып қызмет атқарды.
Әскери қызметіндегі жетістіктері мен еліміздің қорғаныс қуатын арттыруға қосқан үлесі үшін генерал-майор Рақышев Ораз  Кеңес үкіметінің және Қазақстан Республикасының  жоғары наградаларымен, «Даңқ»,  «Құрмет белгісі» ордендерімен және ондаған медальдармен марапатталған. Өмірлік жары Зоя Қалиқызы екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген.
2012 жылғы 19 желтоқсанда өз іс-қызметі арқылы аудан беделін көтергені үшін Ораз Қалиоллаұлына V шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының  IX сессиясының №9/68-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. 

 

 


Парақтар өзгертілді: 26-11-2014