Құрметті азаматтар

Плотников Сергей ВикторовичПлотников Сергей Викторович
1960 жылы 22 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы, бұрынғы Большенарым ауданы, Большенарым ауылында дүниеге келген.
Білімі жоғары. 1982 жылы Саратов политехникалық институтын бітірген. Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор. Әскери атағы – подполковник
Сергей Викторович өзінің еңбек жолын Өскемен қаласындағы «Востокмашзаводта» ауысым шебері, бас шебер болып бастады. 1984 жылдың сәуір айынан 1986 жылдың қазан айына дейін комсомол комитетінің хатшысы, Өскемен қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы, Шығыс Қазақстан облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. 1986 жылы өзінің сүйікті кәсібіне қайта оралып, «Востокмашзаводта» цех бастығының орынбасары, бас технолог, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және дайын өнімдерді сату бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. 1998 жылы өз ісіне берілген білікті маман облыстық әкімшілікке мемлекеттік қызметке ауыстырылып, Шығыс Қазақстан облысы энергетика, индустрия, телекоммуникация және сыртқы экономикалық байланыс басқармасының бастығы қызметіне тағайындалды. 2003-2007 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының әкімі, 2007- 2008 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерінде болды. 2008 жылдың қазан айында «Нұр Отан» ХДП-ның ұсынысымен Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты болып сайланды. Қазір Сенат депутаты Сергей Викторович Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының қаржы және бюджет комитетінің мүшесі. Көп жылдан бері Қазақстан Республикасы хоккей федерациясының мүшесі болып табылады.
Ұзақ жылғы табысты еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, «Тыңға 50 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған. Зайыбы  Плотникова Татьяна Николаевна  екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
2012 жылғы 19 желтоқсанда ауданның өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Сергей Викторовичке V шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының IX сессиясының №9/68-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.  

Парақтар өзгертілді: 22-08-2016