Құрметті азаматтар

Сейітов Алтайбек СейітұлыСейітов Алтайбек Сейітұлы 1951 жылы 18 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Большенарым ауданы, Майемер ауылында дүниеге келген.
1974 жылы Қазақ мемлекеттік Еңбек Қызыл Ту орденді ауылшаруашылық институтын агроном, 2002 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін экономист-юрист мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1968 жылы Большенарым ауданы, Ленин атындағы ұжымшарда бөлімше есепшісі болып бастайды. 1974-76 жылдары осы шаруашылықтың бас инженер-гидротехнигі, 1976-86 жылдары бас агрономы, «Ульяновский» ет-сүт кеңшарында  бас агроном болып қызмет атқарады. 1986-89 жылдары Үлкен Нарын аудандық мамандандырылған мал бордақылау бірлестігінің, 1989-92 жылдары «Юбилейный» ет-сүт кеңшарының директоры болады.
1992-97 жылдары Большенарым ауданының әкімі, 1997-2002 жылдары екі аудан біріккеннен кейін Катонқарағай ауданының әкімі болып қызмет атқарады. 2002-2004 жылдары Өскемен қаласының ұн тарту комбинатының «ТАНур-Бидай» ЖШС-ның директоры, 2004-2005 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру, кадр және қадағалау бөлімінің бас маманы лауазымында болады. 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысындағы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.А. Назарбаевты қолдау штабының ұйымдастыру және бұқарамен ақпарат үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, 2006-2007 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің тұқым шаруашылығының бас агрономы болып қызмет атқарған. 2007 жылдың 28 ақпанынан бері Күршім ауданының әкімі.
Алтайбек Сейітұлы жемісті еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен, «ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісімен,«Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
2010 жылғы 29 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Алтайбек Сейітұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXVII сессиясының №27/237-ІV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.  

 

 

 

 

Парақтар өзгертілді: 26-11-2014