Құрметті азаматтар

Старшинаев Жиенбол Старшинаұлы

Старшинаев Жиенбол Старшинаұлы 1940 жылы 10 қаңтарда Катонқарағай ауданы, Қызылжұлдыз ауылында дүниеге келген. 1958 жылы С.Торайғыров  атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітіріп, бір жыл туған ауылындағы кеңшарда  жұмыс істейді. 1960 жылы Москва  жерге орналастыру инсти-тутының  жерге орналастыру факультетіне оқуға түсіп, оны 1965 жылы ойдағыдай аяқтайды.  Институтты бітірген соң әскер қатарына шақырылып, Түрікменстанның Мары қаласында Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден кейін Алматыда «Қазгипрозем» бас жобалау институтында аға жерге орналастыру инженері болып қызмет істейді.
1968 жылы Большенарым ауданындағы Ленин атындағы ұжымшарға жұмысқа орналасып, аға инженер-гидротехник, бірінші бөлімшенің агрономы қызметтерін қоса атқарады. Үш жыл ұжымшар кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланады.
1973-1982 жылдары аудандық партия комитетінің ұсынуымен Новоберезовка ауылдық кеңесінің төрағасы болады.
1982-1985 жылдары Ленин атындағы ұжымшардың бас инженер-гидротехнигі, бірінші бөлімшенің меңгерушісі қызметтерін қоса атқарады. 1986-1989 жылдары Ленин атындағы ұжымшардың бас агрономы, 1989-1991 жылдар аралығында ұжымшардың партия ұйымының хатшысы болады. 1991-1996 жылдары ұжымшар таратылғанға дейін бас агроном  қызметін аброймен атқарады.
Кеңестер одағы құлап, шаруашылықтар таратылып, ауыл шаруашығының құлдырау кезеңінде Жиенбол Старшинаев өзінің шаруа  қожалығын құрып, егіншілікпен айналыса отырып, жерлестерін жұмыспен қамтып, ауыл шаруашылығының тұрақталуына өзіндік үлесін қосты. Ол – өз округінде, аудан деңгейінде демеушілік, қайырымдылық шараларға үнемі қатысып отыратын жомарттығымен аудан халқына танымал адамдардың бірі.
«Үздік еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, бірінші, екінші, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен марапатталған.
2009 жылы 18 ақпанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор еңбегі және қайырымдылық көмек көрсетудегі, қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының  ХІ сессиясының №11/113-ІV шешімімен  «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

 

 

Парақтар өзгертілді: 26-11-2014