Құрметті азаматтар

Жәнібек Қызыр

Жәнібек Қызыр 1949 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Катонқарағай ауылында дүниеге келген. Е.П.Рыков атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Катонқарағай автоколоннасында слесарь, одан кейін жүргізуші болып жұмыс істеген. 1972 жылы армия қатарынан қайтып оралғаннан соң, аудандық «Арай – Луч» газетінің редакциясына әдеби қызметкер болып орналасады да, ұзақ жылдар бойы осы мекемеде абыройлы қызмет жасап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары міндеттерін атқарады. Қазіргі күнге дейін ол осы ұжымда өзінің шығармашылық жолын жалғастырып келеді. Қазақстан Журналистері Одағының мүшесі Жәнібек Қызыр оқырмандарға сонау алпысыншы жылдардың ортасынан бастап танылған. Алғашқы өлеңдер топтамасы «Ағажай, Алтайдай жер қайда» деген атпен шыққан кітапқа енген. Ауданның 70 жылдығына орай шыққан «Алтайдың алтын алқасы» кітабының дүниеге келуіне де Жәнібек Қызырдың қосқан сүбелі үлесі бар. «Жер жаннаты Катонқарағай», «Ерлік дастан» I,II томдары, «Ақбұлақ» атты кітаптары қалың оқырманнан өз бағасын алды. Біраз өлеңдерінің сөздеріне жазылған әндер ауылдардың, ауданның, облыстың сахналарында орындалып жүр. Жәнібек Қызырдың ұзақ жылдардағы шығармашылық еңбегі «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен, аудандық «Арай» -«Луч» газеттерінің 70 жылдығын атап өтуге байланысты Қазақстан Республикасы ақпарат, қоғамдық келісім және мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаметтің қолы қойылған арнайы Құрмет грамотасымен, облыстық Журналистер одағының, облыс әкімі мен мәдениет қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің грамоталарымен бағаланған.
2009 жылы 18 ақпанда аудан көлеміндегі рухани құндылықтарды байытуға қосқан зор үлесі үшін Жәнібек Қызырға IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XI сессиясының №11/113-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

Парақтар өзгертілді: 26-11-2014