Құрметті азаматтар

Жанұзақов Жұмақан Оқасұлы

Жанұзақов Жұмақан Оқасұлы 1949 жылы 24 қаңтарда Катонқарағай ауданының Өрнек ауылында туған.1975 жылы Семей зооветеринарлық иниститутын ветеринария мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын оқу орнының берген жолдамасы бойынша Торғай облысының Торғай кеңшар техникумында бас мал дәрігері болып бастайды да, артынан, яғни, 1978-1986 жылдар аралығында Арқалық ауданының бас мал дәрігері, Арқалық аудандық агроөнеркәсіп бірлестігі бастығының бірінші орынбасары міндеттерін атқарады. Он жылдан астам уақыт сырт жақта қызмет істеп елге қайтып оралған Жұмақан Оқасұлы ауданымыздағы жұмысы ауыр, экономикасы ең күрделі «Алтай» кеңшарына бас мал дәрігері қызметіне жіберіледі. Бұл қызметте өзін білікті маман, іскер басшы ретінде көрсете білген Ж. Жанұзақов бірер жыл бас мал дәрігері міндетін атқарады да кеңшардың директорлығына жоғарлатылады.
1997 жылы облыста жүргізілген әкімшілік-аумақтық өзгертулерге байланысты екі аудан – Катонқарағай мен Большенарым біріктірілген кезде Ж. Жанұзақовқа ауданның бас мал дәрігерінің қызметі ұсынылады. Екі жылдан кейін аудандық аумақтық басқарманың бастығы болып тағайындалады.
Жұмақан Жанұзақов - қамқор әке, үлгілі отбасы. Аудандық орталық ауруханада дәрігер-терапевт болып істейтін жолдасы Бақтина Көкешқызы екеуі екі бала өсіріп тәрбиелеп, немере сүйіп отыр.
Ж.Жанұзақов ауданымыздың экономикасын, ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін «Тың және тыңайған жерлерді игеруге 50 жыл» мерекелік медалімен, ҚР ауылшаруашылығы Министрлігінің, облыс әкімшілігінің құрмет грамотасымен марапатталған.
2009 жылы 18 ақпанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Жұмақан Оқасұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XI сессиясының №11/113-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Парақтар өзгертілді: 26-11-2014