Құрметті азаматтар

Жақсылықов Фрунзе ЕлғазыұлыЖақсылықов Фрунзе Елғазыұлы 1931 жылы Катонқарағай ауданының Өрнек ауылында қызметкердің отбасында дүниеге келген. Балалық балғын шағы еліміздің қиын-қыстау жылдарымен тұспа-тұс келген Фрунзе Елғазыұлына еңбекке ерте бастан араласуға тура келеді. Әкесін Отан қорғауға аттандырған бала Фрунзе Топқайың ауылында 5-сыныпта оқып жүрген оқуын үзіп, «Майемер» кенішіне жұмысқа барады, араға бес жыл салып барып мектепке қайтадан оралады. Жасөспірім Фрунзе Жақсылықовтың фашистік Германияны жеңуге қосқан тылдағы еңбегі бағаланып, сол қырқыншы жылдарда  «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады.
1952-1954 жылдары Фрунзе Елғазыұлы Үлкен Нарын ауданы Солдатово ауылындағы жеті жылдық мектепте матиматика пәнінің мұғалімі болып істейді де, басшылардың ұйғарымымен аудандық комсомол комитетінің алдымен екінші, кейіннен бірінші хатшысы болады. Осы қызметте Фрунзе Елғазыұлы үлкен өмір мектебінен өтіп, көп тәжірибе жинап шыңдалады. Аудан экономикасын нығайтуға қосқан үлесі әділ бағаланып «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарын алады.
1954 жылы аудандық партия комитеті оны өз қатарына тартып ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы етеді.  Бұдан кейін ол он жылдан астам уақыт шаруашылық жұмыстарында қызмет етіп, Самар ауданындағы Жамбыл атындағы ұжымшарда төрағаның орынбасары, төрағасы болады. Ұжымшардың жұмысын дұрыс жолға қойып, ауыл шаруашылығы өнімдерін молдап өндірудегі қол жеткізген жетістіктері «Еңбек Қызыл Ту» орденімен бағаланады.
1973 жылы партия Фрунзе Елғазыұлын сыннан өткен, комсомол, партия жұмыстарында шыңдалған маман деп танып, бұрынғыдан да үлкен, жауапты қызметтерге жұмсайды. Сол бетте ол алдымен Самар аудандық партия комитетінің екінші, бес жылдан кейін Күршім аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалады. Бұл қызметті ол 1985 жылға дейін атқарады да облыстық  халықтық бақылау комитетіне жұмысқа ауыстырылады.
2008 жылы 23 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Фрунзе Елғазыұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының IX сессиясының №9/102-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Парақтар өзгертілді: 26-11-2014