Құрметті азаматтар

Қаңтарбаев Әлібек ҚалиұлыҚаңтарбаев  Әлібек  Қалиұлы 1947 жылдың 23 желтоқсанында  Катонқарағай ауданының Топқайың ауылында дүниеге келген. 1965 жылы С.Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітіргеннен кейін Семей педагогикалық иниститутының филология факультетіне оқуға түседі. Оны 1970 жылы ойдағыдай аяқтап, еңбек жолын туған ауылы  Топқайыңда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды.  Өзінің білім саласындағы қызметін 1997 жылға дейін ауданның көптеген мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор болып жалғастырады. 1995 жылы Әлібек Қалиұлының білім беру саласындағы көп жылғы еселі еңбегі ескеріліп, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталады. Соңғы он жылдан астам уақыт Әлібек Қаңтарбаев Шығыс Қазақстан  облыстық «Дидар» газетінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Ол - Қазақстан Журналистері  одағының мүшесі, төрт кітаптың авторы. Оның қаламынан туындаған «Қыран ғұмыр», «Сол бір кез есімде», «Армандастар», «Алаш азаматы» атты кітаптары өз оқырмандарын тапқан. Топтама өлеңдері катонқарағайлық жеті ақынның «Ағажай, Алтайдай жер қайда» атты жыр жинағына енген. Әлібек Қаңтарбаевтың драматургия саласында да өзіндік қолтаңбасы бар. Оның «Армандастар» атты драмасы Өскемен, Семей қалаларының театрларында сахналанып жүр. Әлібек Қалиұлы - ана тілінің, ұлт руханиятының жоқшысы. Қаламгердің шығармашылық жолындағы еңбегі Қазақстан Республикасы Ақпарат және мәдениет министрлігі, облыс әкімінің мақтау қағаздары, алғыс хаттарымен сан мәрте  бағаланған.
2007 жылы 28 қарашада аудан көлеміндегі рухани құндылықтарды байытуға қосқан зор үлесі үшін Әлібек   Қалиұлына  IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының  II сессиясының  №2/18-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

 

Парақтар өзгертілді: 25-11-2014