Құрметті азаматтар

Әлхамов Мақұлбек ӘлхамұлыӘлхамов Мақұлбек Әлхамұлы 1928 жылы15 қазанда Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. 1935 жылы Шыңғыстай орта мектебіне бірінші сыныпқа барады. 1942-1945 жылдары тұрмыс тапшылығына байланысты сабағын жалғастыра алмай, Ұлы Отан соғысы кезінде ұжымшарда жұмыс істейді. Соғыс аяқталған соң 1945-1948 жылдары оқуын одан әрі жалғастырып,  Шыңғыстай орта мектебінен 10-сыныпты бітіреді. Орта мектепті бітіргеннен кейін бір жыл аудандық «Қызыл отау» меңгерушісі болып істейді де, 1949 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтейді. 1952 жылдан 1989 жылға дейін партия-кеңес жұмыстарына араласып, аудандық комсомол, партия комитеттерінде хатшы, нұсқаушы, аудандық атқару кеңесінде төрағаның бірінші орынбасары, «Чернова», «Өрел» кеңшарларында  партия ұйымдарының хатшысы,  «Алтай»  кеңшарында кәсіподақ ұйымының төрағасы сияқты  лауазымдық қызметтерді атқарады. 1960-1965 жылдары сырттай жоғары партия мектебін бітіреді. Басшылық қызметтерді атқара жүріп Мақұлбек Әлхамұлы ауданда атқарылып жатқан  игі істерге өз үлесін қосады.  Бірнеше рет ауылдық және аудандық кеңестің депутаты болып сайланады. 1970-1985 жылдары Катонқарағай аудандық партия комитетінің және партиялық комиссияның, 1985-1989 жылдары аудандық кәсіподақ президиумының мүшесі болады.
Мақұлбек Әлхамұлының ұзақ жылдардағы адал еңбегі «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Еңбек ардагері», «Тыл ардагері», «Тың игеру», «Тыңға 50 жыл»,  «В.И.Лениннің 100 жылдығы», Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерекелік медальдарымен, облыстық партия және облыстық кәсіподақ комитеттерінің Құрмет грамоталарымен бағаланған. Облыс көлеміндегі дербес зейнеткер.
2007 жылы 28 қарашада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Мақұлбек Әлхамұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының  II сессиясының  №2/18-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

 

 

Парақтар өзгертілді: 25-11-2014