Құрметті азаматтар

Исабаев Темірбек Құмарбекұлы Исабаев Темірбек Құмарбекұлы
1952 жылы Катонқарағай ауданы  Топқайың ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Топқайың орта мектебін, 1975 жылы Өскемен қаласындағы құрылыс-жол институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 485-жол салу учаскесінде қатардағы механиктен бастап, 1978 жылы №5 жол пайдалану учаскесінде аға шебер болып жалғастырды. Сол жылдарда ол өзін білгір маман, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, басшылық қызметке  лайық азамат ретінде көрсете  білді.
Оның екінің бірінің бойынан табыла бермейтін бұл қасиетін таныған аудан басшылары «Катонқарағай» өндірістік автожолдары учаскесінің бастығы етіп тағайындады. 1997 жылы екі аудан біріктіріліп, орталық Үлкен Нарынға көшіріліп, мемлекеттік меншік таратылған кезде  «Шығысавтомобильжолы» кәсіпорнында вице – президент болды. 2002 жылдан бері ол «Катонқарағай»  өндірістік жол учаскесінің бас директоры.
Ауданымыздағы күре жолдың халыққа үздіксіз қызмет етіп тұруына Темірбек Құмарбекұлының көп еңбегі сіңді, сонымен қатар ол ауданға, туған ауылына үнемі демеушілік көмек көрсетіп отырады. Темірбек Исабаев тамаша спортшы ретінде де танылған. Самбо мен қазақша күрестен  КСРО спорт шебері. Темірбек Исабаевтың егеменді еліміздің автомобиль жолдарын қалыпты жағдайда ұстау мен салудағы қажырлы еңбегі «Қазақстанның үздік жолшысы» белгісімен және «Құрмет» орденімен бағаланған.
2007 жылы 31 мамырда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Темірбек Құмарбекұлына III шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXVIII сессиясының №28/6-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

Парақтар өзгертілді: 21-11-2014