Құрметті азаматтар

Жұмажанов Дүйсенбек Оразғалиұлы Жұмажанов Дүйсенбек Оразғалиұлы 1947 жылдың 15 маусымында Шығыс Қазақстан облысының Большенарым ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Большенарым орта мектебін бітірген. 1967 жылы Өскемен педагогика институтына түсіп, оны 1971 жылы аяқтап, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты.
1971-1985 жылдары аудандық балалар спорт мектебінің директоры, аудандық спорт комитетінің төрағасы міндеттерін абыроймен атқарды. Спорт ұйымдарында еңбек еткен Дүйсенбек Оразғалиұлы жас спортшыларды тәрбиелеуде үлкен еңбек сіңірді.
1985-1997 жылдары Большенарым нан заводының директоры болып еңбек етті. 1998 жылдың мамыр айынан бастап «Д.О.Жұмажанов» жеке кәсіпорынын ұйымдастырып, өмірінің соңына дейін осы кәсіпорынды басқарды.
Қай салада қызмет атқарса да ол жанын салып еңбек ететін, бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, нәтижесін көруге асығатын жан еді. Большенарым нан заводын басқарған жылдары ол өзінің қай саланы да басқарып кете алатын, адамдармен ортақ тіл табысып, берекелі ұжым қалыптастыра білетін іскер басшы екенін көрсете білді.
Еліміз тығырыққа тірелген, кәсіпорындар мен заводтар жабылған кезеңде де ол қиыннан жол тауып, адамдардың өмір сүруіне ең қажетті азық - нан шығаратын жеке кәсіпорынды ұйымдастырып, сонымен қатар қыс  маусымында Үлкен Нарын ауылын жылумен қамтамасыз етуге бар күш жігерін жұмсады.
Қатарынан екі қайтара мәслихат депутаты болып сайланып, бұл істі де халық қалаулысы деген атаққа сай абыроймен атқарды.    
2007 жылы 31 мамырда ауданның спорт саласына, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Дүйсенбек Оразғалиұлына III шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXVIII сессиясының №28/6-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Парақтар өзгертілді: 21-11-2014