Құрметті азаматтар

Тұмарбаев Федор ҚалымұлыТұмарбаев Федор Қалымұлы 1937 жылы 21 мамырда Катонқарағай ауданы, Чернова ауылында дүниеге келген. Педагогика, агроном мамандықтары бойынша жоғары білімі бар.
Федор Қалымұлының балалық шағы соғыс жылдарына тап келіп, еліміздегі  барлық балалар сияқты ерте есейіп, еңбекке араласты.
Еңбек жолын 1957 жылы он жылдық мектепті бітірісімен «Оленесовхоз» марал кеңшарында жұмысшы болып бастады. Сол жерден әскер қатарына алынып, үш жыл Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден келген соң Берел жеті жылдық мектебінде мұғалім, одан кейін «Өрел» қой кеңшарында комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін атқарады.
1963-1975 жылдары Аршаты сегіз жылдық мектебінде директор, 1975-1977 жылдары «Катонқарағай» марал кеңшарының партия комитетінің хатшысы, 1977-1984 жылдары аудандық партия комитетінің хатшысы, 1984-1994 жылдары аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Бүгінгі күні Федор Қалымұлының есімін Аршаты ауылының тұрғындары ерекше ықыласпен атап, ауылға сіңірген еңбегінің зор екендігін әсте ұмытқан емес. Оның қажырлы еңбегінің арқасында 1972 жылы ауылға жаңадан сегізжылдық мектеп салынып, ұстаздармен толық қамтылды. Сонымен қатар ауылға жол, көпір салу қажеттілігін көтеріп, бұл құрылыстардың жүзеге асырылуына көп ықпал етті.
Ф.Тұмарбаев өмірінің 30 жылын партия -кеңес басқару қызметіне арнап, зейнеткерлікке шықты. Ауылдық, аудандық, облыстық кеңестің депутаты, аудандық, облыстық партия комитеттерінің мүшесі болып сайланып отырды.
Оның ұзақ жылғы еңбегі «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «В.И.Лениннің 100 жылдығы», «Қазақ КСР-ның 60 жылдығы», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерекелік медальдарымен, «Үздік шекарашы» төс белгісімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен бағаланған.
2004 жылы 2 маусымда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Федор Қалымұлына IІІ шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының VI сессиясының №6/14-ІІІ шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

Парақтар өзгертілді: 21-11-2014