Құрметті азаматтар

Слабодчиков Селивестр Климович Слабодчиков Селивестр Климович
1938 жылы Белорусь КСР-і, Могилёв облысы, Козелье деревнясында дүниеге келген. Ол 1958 жылы механизаторлар даярлайтын училищені аяқтаған соң Қазақстанға тың және тыңайған жерлерді игеру үшін комсомолдық жолдамамен келген еді. Алғашында Самар ауданында еңбек етіп, 1961 жылы Большенарымға ауысып келеді. Сол уақыттан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы кеңшарда комбайншы болып еңбек етті.
Ол үш мәрте «Жыл орағы» социалистік жарысының, IX, X, XI бесжылдықтардың қорытындылары бойынша комбайншылар арасындағы жарыстың жеңімпазы атанды. 1972 жылы 13 желтоқсанда «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталған. Көптеген Құрмет грамоталардың, Алғыс хаттардың иегері. 1976 жылы еңбектегі жоғары көрсеткіштері үшін «Ленин» орденімен марапатталды. 1981 жылдың 19 ақпанында Селивестр Климович Слабодчиковқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сонымен қатар, 1972 жылы егін орағының жоспарын орындағаны үшін «Запорожец», ал X бесжылдықтың қорытындысы бойынша – «Волга» автомобилімен мадақталған.
1994 жылы зейнет демалысына шыққан соң да, үш жыл бойы еңбектен қол үзбей, қоғам өміріне белсене атсалысты. Ұзақ жылдар бойы ол жастардың тәлімгері болып, жас механизаторларға өз тәжірибесін үйретуден танбады.
Селивестр Климович аудандық халық депутаттары Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы ХХІV съезінің делегаты және Қазақстан Кәсіподақтарының ХІІ съезінің делегаты болып сайланған.   
1998 жылы 25 маусымда аудан экономикасына қосқан зор үлесі, жастарды тәрбиелеудегі белсенді қоғамдық іс-қызметі үшін Селивестр Климовичке I шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVII сессиясының №17/6-ІІ шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Парақтар өзгертілді: 03-12-2015