Құрметті азаматтар

Баекин Құмархан БайбосынұлыБаекин Құмархан Байбосынұлы 1926 жылы 26 маусымда Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Әкесі Байбосын 1936 жылы «Халық жауы» деген жаламен қамауға алынып, Катонқарағайдағы түрмеде көз жұмады. Әкеден жастай қалған апайы Айтбала мен інісі Құмарғали үшеуін анасы Тұрсын «аузына тістеп» жүріп ер жеткізеді.
Ұлдың үлкені болғандықтан оған он жасынан бастап ұжымшарда өзінің шамасы келетін жұмыстарды істеуге тура келеді. Жастайынан бұғанасы қатпаған бала екеніне қарамастан бұзау, түйе бағады, ұжымшарда есепші болады.
1950 жылдан бастап ол біржола мал шаруашылығына бет бұрады. Алдымен «Молотов» ұжымшарында жылқы, сиыр бағып, одан соң «Алтай» кеңшарында ұзақ жылдар бойы аға шопан болып, жолдасы Әсипә екеуі кеңшардың қойын бағады. Осы жылдарда ол қыр-сырын бала жасынан меңгерген жұмысына өте жауапкершілікпен қарап, қоғам малын аман алып қалу үшін жанын аямай еңбек етіп, мал баққандар арасында ерекше көзге түседі.
Құмархан Байбосынұлының ұзақ жылдардағы жемісті еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, «Ленин», «Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, Қазақ КСР-інің Құрмет Грамоталарымен марапатталады. Екі мәрте Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған. Бүкілодақтық ауылшаруашылық жетістіктері көрмелерінің алтын, күміс медальдарын кеудесіне таққан.
1998 жылы 24 маусымда ауданның ауыл шаруашылық саласына қосқан зор еңбегі үшін Құмархан Байбосынұлына I шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVII сессиясының №17/4-II шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Парақтар өзгертілді: 03-12-2015