Құрметті азаматтар

Күлженов Қуандық Күлженов Қуандық 1931 жылы 20 мамырда Большенарым ауданы Жаңа Тал ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын сонау Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында бастаған. Ұзақ жылдар Абай атындағы ұжымшарда, Хрущев атындағы кеңшарда, «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы кеңшарда  шопан болып еңбек етті. Жылдар бойы жинаған өндірістік тәжірибе мен көп еңбек жұмсаудың арқасында шопандық еңбекте қол жеткізген ең үлкен жетістігі – 1963 жылы әр жүз саулықтан 198 қозыдан алады. 1962 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылық әдебиет баспасынан «Жиырма жыл отарда» атты кітабы жарыққа шықты. Кітапқа шопандық өмірдің қыр-сырлары, қой малын көбейту және одан алынатын өнімді арттыру жөніндегі ізденіс – еңбектері, шопандық өмір туралы әңгімелері енгізілген. Ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан зор үлесі, қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» (1975 жыл) және «Құрмет белгісі» (1966 жыл) ордендерімен, «Еңбек ардагері» (1984 жыл), «Еңбектегі үздіктігі үшін» (1964 жыл), «Қажырлы еңбегі үшін» (1970 жыл) медальдарымен, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің елу жылдығы»  мерекелік медалімен, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» (1973 және 1975 жылдары) белгілерімен, сондай-ақ, әртүрлі Құрмет грамоталарымен марапатталған. «Коммунистік еңбектің екпіндісі» (1962 жыл) атағына ие болады. Шопандық өмірдегі мол тәжірибесі үшін облыстық ауылшаруашылық көрмесінің қатысушысы ретінде Куәлік қағаз беріледі. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланады.
1998 жылы 25 наурызда ауданның ауылшаруашылық саласына қосқан зор үлесі үшін Күлженов Қуандыққа I шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVI сессиясының №16/33-II шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.     

Парақтар өзгертілді: 03-12-2015