Құрметті азаматтар

Оралхан БөкейКітапбаев Бошай 1923 жылы Катонқарағай ауданының Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген. 1941-1944 жылдар аралығында фашист басқыншыларына қарсы шайқастарға қатысты. Ұлы Отан соғысынан жаралы болып оралған жауынгер 1945 жылдың сәуір айынан бастап Катонқарағай аудандық атқару комитетінің хатшысы міндетіне тағайын-далды. Осы жауапты міндетті бес жыл қатарынан атқара жүріп, партиялық кезеңнің үлкен іс-тәжірибелік мектебінен өтті. 1950 жылы Зайсан аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне келгенінде, аталған өңірдің талай жастарын тәрбиелеп, жауапты қызметтерге ұсынып, батыл қадамдар жасау арқылы жастардың бойында жауапкершілік міндеттерін қалыптастыра білді. 1955 жылдың маусым айынан бастап Бошай Кітапбайұлын коммунистік партия Большенарым ауданындағы В.И. Ленин атындағы ұжымшарды басқаруға жібереді. Көп салалы шаруашылыққа басшылық жасай жүріп, Бошай Кітапбаев Алматының ауылшаруашылық институтын 1966 жылы тәмамдап, 1970 жылы «Ұжымшар еңбеккерлерін материалдық тұрғыда ынталандыра білу – ұжымдық шаруашылықты дамытудың басты көрсеткіші» деген тақырыптағы ғылыми еңбегімен ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаттығын қорғайды.
Ұжымшардың жұмысын дұрыс жолға қоя отырып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Кітапбаев Бошайға КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының 1971 жылдың 8 сәуіріндегі Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріледі. Сондай-ақ, ол «Ленин», «Октябрь Революциясы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. КПСС-тің XXV съезінің құрметті делегаты болып коммунистердің үлкен форумының  жұмысына қатысқан. Белгілі атбегі, көкірегі толған ән мен жыр, бірнеше танымдық және «Шежіре», «Тоғыз таңбалы найман», «Айта-айта Алтайды, Бошай ата қартайды» атты  кітаптардың авторы Бошай Кітапбайұлы шежіреші ретінде көпшіліктің ризашылығына бөленген.
1997 жылы 15 қыркүйекте ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Бошай Кітапбайұлына I шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XIII сессиясының №13/14-II шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

Парақтар өзгертілді: 03-12-2015