Құрметті азаматтар

Оралхан БөкейҚалихан Ысқақ 1935 жылы 14 наурызда Катонқарағай ауданындағы Топқайың аулында дүниеге келген. Жұлдыз орта мектебін, содан соң 1957 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін, 1965-1967 жылдары Москвадағы сценарийстер мен режиссерлер дайындайтын жоғарғы курсты бітірген. 1967-1972 жылдары Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясындағы үшінші шығармашылық бірлестіктің бас редакторы болды, «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Халық конгресі», «Жұлдыз» журналдарында қызмет істеді. 1972 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының аппаратында істеді. Қ.Ысқақтың шығармашылық қызметі 1957 жылдан басталады. Ол - көптеген әңгіме, повесть, романдардың, киносценарийлердің авторы. Алғашқы әңгімелері «Жол басы» (1961 ж.) жинағында жарияланды. Қ.Ысқақтың басты-басты прозалық шығармалары: «Қоңыр күз еді», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Тұйық», «Қара орман», «Ақсу – жер жаннаты», «Күреңсе», «Беу, ақсақ дүние», «Жан қимақ», «Бабье лето», «Кедры высокие» және тағы басқалар. «Апа - апатай», «Жәке – жәкетай», «Таңғы жаңғырық», «Жансебіл», «Ерліктің екі сағаты», «Бұйрық күшінде қалады», «Даладағы екеу», «Құрбандық», «Зират», «Саботаж», «Кемпір іздеп жүрміз», «Есенай - Ұлпан», «Қазақтар» т.б.  драмалық шығармалары  республикалық, облыстық театрларда қойылған.
Жазушының таңдаулы шығармалары орыс, украин, өзбек, татар, чех, словак, неміс тілдеріне аударылған. Қ.Ысқақтың классикалық аударма саласындағы еңбегі де қомақты.
Қалихан Ысқақ – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері, «Аягөз ауданының құрметті азаматы», С.Аманжолов атындағы ШҚМУ құрметті профессоры, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, «Парасат» орденімен және «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
Ауданның рухани құндылықтарының дамуына қосқан зор үлесі үшін Қалихан Ысқаққа 1994 жылы 22 маусымда Катонқарағай ауданының әкімі мен  аудандық Мәслихат-депутаттар жиналысының №3-132 Қаулысымен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

 

Парақтар өзгертілді: 18-11-2014