Көрікті жерлер мен туризм

Катонқарағай ауданындағы туризм жайында қысқаша ақпарат

Катонқарағай ауданы ертеден өз республикамызға, әлемнің көптеген елдеріне жақсы таныс. Олардың назарын өздеріне аударған жұмыр жердің бетінен онша кезіге бермейтін, еш жердегіге ұқсамайтын әсем де сұлу табиғатымыз, табиғи байлықтарымыз. Қазақстанның қиыр шығысындағы Төр Алтай – барша түркі жұртының кіндік отаны, ақ жайлау ата қонысы болған киелі мекен екені тарихтан белгілі. Алтайдың көне қойнауында тылсым жұмбақ сырларды ішіне бүгіп жатқан ескі обалар, таңбалы тастар, керуен соқпақтар алыста қалған ғасырлардың үнсіз куәгерлері іспетті. Орманы нулы, өзені шулы, бұлағы шипалы, ауасы дуалы, шұрайлы да құйқалы жерұйықты мекен еткен ата-бабаларымыздың көзі болған тарихи жәдігерлер қазіргі таңда әлем жұртының назарын аударуда.
Катонқарағайдың қар басқан тау шыңдары, ну орманы мен шалқар көлдері, мөлдір бұлақтары мен асау өзендері, су құламалары мен қоймалары, аң мен құсы,  көздің жауын алар көрікті келбеті кез келген жанды тамсандырмай қоймайды.
Аудан аумағында орналасқан Қазақстанның киелі орындары Берел қорымдары, Көккөл кеніші, Рахман қайнарлары, Көккөл, Арасан, Қараайрық, Рахман сарқырамалары, Қаракөл, Үшкөл, Марал, Қаумыш, Шәнген сынды көлдері, тарихта терістіктегі Алтын Тармақ деген атпен қалған Ұлы Жібек жолының Солтүстік тармағы, өзіндік ерекшелігімен тарихи құндылыққа ие Австриялық жол Табиғат-Ананың сыйлаған баға жетпес байлығы десек болады. Ауданымыздағы туристік саланың негізін  емдік-сауықтыру, экологиялық, ауылдық , мәдени-танымдық  және белсенді туризм құрайды.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бастар жол: Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» («Киелі жерлер географиясы»)  жобасын құру жөнінде бастама көтерді, жоба шеңберінде киелілердің мәдени-географиялық белдеуі құрылған. ҚР Ұлттық мұражайының «Киелі Қазақстан» орталығымен Қазақстанның 100 жалпыұлттық киелі орындарының тізімі анықталды. Бұл тізім қатарына Катонқарағай ауданы аумағынан Берел қорымдары мен Мұзтау сияқты  2 нысан кірді. Олар қазақ халқының қайталанбас бағалы ерекше, ұлттық бірлік пен өркендеудің нышаны ретінде айтылатын табиғи және мәдени мұра ескерткіштері.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бастар жол: Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласы, «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» және «Киелі жерлер географиясы» бағдарламалары аясында ШҚО киелі жерлер картасы жасалынды, мұнда ауданымыздан Берел қорғандары, Кіндік тас, Мұзтау және Рахман көлі сияқты 4 киелі орын және 1 табиғи көрнекті жер (Равновесие көлі)  белгіленген.

Катонқарағай ауданының туристік ресурстары

Катонқарағай ауданының туристік ресурстарыМұзтау (Шығыс шыңы)

Табиғи-қорық қорының геологиялық объекті.   Ерте заманнан бері әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді өзіне магнит секілді тартып келеді.
Сібір мен Алтайдың ең биік шыңы-қасиетті Мұзтау тауы  (4506 м) Ресей мен Қазақстанның аумағында, Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарғай ауданының солтүстік шығысында орналасқан. Мұзтау тауы дұрыс емес пирамидалар пішініндегі екі шыңнан тұрады, олар: Шығыс Мұзтау (4506 м.) және Батыс Мұзтау (4435 м.), екеуінің ортасында биіктігі 4000 м «Мұзтаудың ер-тоқымы» ойысы орналасқан.
Мұзтау қардың, мұздықтардың,  ауыр қар көшкіні мен сарқырамалар мекені. Қос шың беткейлерін мәңгі қар мен мұз  басып жатыр. Мұзтаудың мұздықтарынан Ақ Берел, Қатын сияқты өзендер бастау алады.
Алтайлықтар Мұзтауды «Құдайлар мекені», «Ұлы қария» деп еркелетіп айтады. Ал Н.К. Рерихтің пікірінше бұл тау туралы тіпті «шөлдер де сыбырласады», дейді. Мұзтаудың атауы таудың басынан аяғына дейін мәңгі қалың қардан басып жатқандықтан аталған болар. Бұл қосбасты жарқыраған ұлылықты өз көздерімен қызықтаған саяхатшылар, оның сөз жетпес сұлұлығын, күнбатыстағы ғажайып түстерінің ауысуын, аспанға жақындығын, жұлдыздардың жымыңдасуын ешбір жермен салыстыруға келмейтіндігін таңдана айтады.

Катонқарағай ауданының туристік ресурстарыКіндік тас
Кіндік тас Мұзтау тауының етегінде орналасқан. Бұл тас керемет энергетикалық қуат иесі және одан мистикалық күш тарайды.
«Кіндік тас»- Мұзтауға сыйынатын,табынатын орын, келушілер бұл жерде Мұзтаудан арман-тілектерінің орындалуын сұрайды, қайырмалдықтар қалдырады. Мұнда тілеген тілектер міндетті түрде орындалады. Мұзтау бұл жерден алақандағыдай болып көрінеді. Үлкен жалпақ тастың үстінен белгілер, түрлі-түсті шүберектер, металл ақшаларды көруге болады. Мұнда адамдар жақсы, салауатты энергиямен «қуаттанады». Сонымен қатар олар өздерімен бірге алып келген жеке заттарын да (белгілер, әр-түрлі сувенирлер) қуаттандырады. Бұл жерде адамдар өмірдің мәні туралы ойлаған, ал Мұзтау аппақ Құдай-Ана сияқты оларға қарап тұрады.
Кіндік тас жер түбінен тарайтын күштің шығатын орны. Көрген адамдар, бұршақты дауыл болғанда, атмосфералық электр тоғы айналаны қанықтырғанда кіндік тастың басында кулгін жарқырау пайда болады деп айтады.

Берел қорымдары

Берел қорымдары – Катонқарағай ауданының Берел аулының маңындағы Бұқтырма жазығында орналасқан, әлемдік деңгейдегі ескерткіш. Бұқтырма аңғары бойында теңіз  деңгейінен 1200 метр биіктікте орналасқан, шамамен біздің дәуірімізге дейін төртінші ғасырдағы сақ княздерінің мүрделері мен табыттары, алтындалған әшекейлі заттары табылған, көпшілігі әлі зерттелмеген, отыздан астам обасы бар бұл қорымды ғалымдар «патшалар алқабы» деп  атап  кетті. Сақ-скиф дәуіріндегі көшпелі элитаның бірегей ескерткіштері мұз тоңның әсерімен бұзылмай, сол қалпында жақсы сақталған. Берел қорымындағы обалар мен ғұрыптық ескерткіштер оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа созылып жатқан бірнеше тізбекке және жеке топтарға шоғырланған.
Б.з.б. IV – III ғасырларға жататын Берел қорғандары жер үсті ғимараттарының сәулет өнерінің бірегейлігі,  қорғандар оба ішіндегі конструкцияларының ерекшелігі, декорацияланған ат әбзелдері  және заттары және қоғамдағы жоғары көшпелі элита өкілдерінің жерлеу кезіндегі киімдері мен заттары арқасында дүние жүзіне танылды.
Ежелгі көшпелілер жергілікті жердің табиғи-климаттық жағдайын ескере отырып, обаның жерлеу камерасында жасанды тоң қабатының қалыптасуның құпия әдістерін білген.
«Мәңі оба тоңдары» арқасында №11 қорғаннан табылған сүйектен, органикадан жасалған заттар, тіптен өлтірердің алдында жылқының немен қоректенгеніне дейін өзгеріссіз сақталған.

Катонқарағай ауданының туристік ресурстарыКөккөл кеніші

Көккөл кеніші - тау кен өндірісінің тарихи ескерткіші. Катонқарағай ауданы, Көккөл шатқалы,Үлкен Көккөл өзені (Ақ Берелдің сол саласы) аңғарында орналасқан. 1936 жылы аймақтық геологиялық маршрут жүргізгенде геолог А. Николов Көккөл кен орнын ашқан. Негізінен бұл жерде 1938 жылдан бастап вольфрам мен молибден қолмен алынып, жұмысшы және тұрғын ауыл салына бастаған. Тасқорымды  асудың  үстінде, қысы – жазы  боран  борап  тұратын  желдің  өтінде, 3000 метр  биіктікте  біздің  бабалармыз  бен  әкелеріміз  қолмен  кен  қазған. Кеніш  1954 жылға  дейін  жұмыс  істеп  келді. Салқын  климаттың  арқасында  кеніштің  құрылысы  қазір  де  жақсы  сақталған. Ашық  аспан  астындағы  мұражай  десе  де  болады.

Катонқарағай ауданының туристік ресурстарыРахман көздері

Рахман көздері- Катонқарағай ауданындағы шипалы жылы су. Катонқарағай ауданы, Рахман Қайнары ауылының солтүстік шығыс шетіндегі Рахман көлі қазаншұңқырында төрт мемлекеттің Қазақстан, Россия, Монғолия, Қытай елдерінің шекарасының қиылысқан жерінде орналасқан. Термальді көздер алаңның солтүстік жағынан граниттермен тақта тастардың түйіскен жарығынан шығыстан батыс бағытқа бір сызық бойымен жалпы ұзақтығы 80 метрге ағып шығады. Термальді көздер емдік қасиеті бар, олар әлсіз минеральді (0,19 г/л) гидрокарбонатты- кальцийлі және құрамы 0,03 г/л дейін еркін көмірқышқылынан, 45-80 мг/л кремний қышқылынан, 10-35 эман радонынан тұрады.

Катонқарағай ауданының туристік ресурстарыКөккөл сарқырамасы

Көккөл сарқырамасы Катонқарағай ауданы, Рахман Қайнары ауылынан 23 км солтүстік шығыстағы Үлкен Көккөл өзенінің (Ақ Берелдің сол саласы) сағасында орналасқан. Биіктігі 80 метр, 60-70° еңістікпен төмен құлайды. Төмен құлайтын ені 10 м асатын су ағының құлақ тұндырарлық гүрілі алыстан естіледі. Су биіктен құлағанда алқаптағы ауа иондалатындай ұсақ су тозаңы құрылады. Керемет, алып сарқырама, самырсынды және шыршалы ғажайып орманды шатқал, бұл өлкені теңдесі жоқ сұлулыққа бөлейді.  Көккөл сарқырамасы – Қазақстан және Алтай тауларындағы ең ірі сарқырама, табиғаттың ғажайып, тылсым сұлулық жаратылысы. Облыстың солтүстік шығыс шетіндегі танымдық туризм үшін ең бір тартымды нысандардың бірі.

Катонқарағай ауданының туристік ресурстарыАрасан сарқырамасы

Арасан сарқырамасы Катонқарағай ауданы, Рахман Қайнары ауылынан 6 км төмен Арасан өзені аңғарында орналасқан. Арасан өзеніндегі қуатты және өте әдемі каскад типтес сарқырама. Каскадтың әсіресе жоғарғы бөлігі өзінің биіктігімен және ұзақтығымен көзге түседі. Сарқыраманың құлама биіктігі 6 метр. Арасан сарқырамасы - Қазақстанның шығысындағы ең ірі сарқырамалардың бірі. Танымдық туризмнің нысаны болып табылады.

Катонқарағай ауданының туристік ресурстарыЯзовая сарқырамасы

Катонқарағай ауданы, Қараайрық ауылынан 10 км солтүстік батыстағы бір аттас көлден 2 км төмендегі ағып шыққан Язовая өзенінде орналасқан. Су ағысының көп ғасырлық жұмысының нәтижесінде тілімденген арна өңделмеген пішінді. Онда сарқырама түзетін, табалдырық және құламалық құйылулардан кішігірім кертпештер бірінен соң бірі кезектесе орналасқан. 200 м сайын бірін-бірі алмастыра кездесетін он шақты тізбек бар. Барлық тізбектердің жалпы биіктігі 10-12 м құрайды. Нағыз сарқырама деп биіктігі 5 м құрайтын ең жоғарғы құламаны айтуға болады.

Катонқарағай ауданының туристік ресурстарыРахман сарқырамасы

Рахман сарқырамасы Катонқарағай ауданы, Рахман Қайнары ауылынан 1,8 км қашықтықта, Арасан өзені аңғарының оң өңірінде орналасқан. Бұл бұлақ биік таулы мареналық көлден (теңіз деңгейінен 2265 м ) бастау алып, Рахман көліне құяды. Рахман сарқырамасы каскад типтес сарқырамалардың қатарына жатады.

Катонқарағай ауданының туристік ресурстарыБұқтырма көлі

Бұқтырама көлі - Катонқарағай ауданы, Шындығатай өзені мен Бұқтырма өзенінің қиылысынан (Шындығатай шекара заставасынан) 38 км. солтүстікте орналасқан. Бұқтырма көлі балықшыларға өзінің хаирус балығымен, айналасындағы табиғат көрінісінің әсемдігімен танымал. Жалпы, көл табиғатының жақсы сақталуымен ерекшеленеді.

Катонқарағай ауданының туристік ресурстарыЯзевое көлі (Қарақөл)

Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай әкімшілік ауданы, Қараайрық ауылынан солтүстікте 12 км қашықтықта орналасқан. Қысқаша сипаттамасы: Мұзтауға барар жолдың оңтүстік-батысында орналасқан  тамаша көл. Ауданы салыстырмалы түрде үлкен емес-1,0х0,4 км. Айдын көлді қоршаған таулардың баурайы қылқан жапырақты орманды болып келсе, биіктеген сайын альпілік шалғынға ауысады. Бұл жерден бұлтсыз ашық кездерде Мұзтаудың бейнесін көруге болады. Көл өзінің атауы айтып тұрғандай, балығымен әйгілі. Бұл салмағы 3 кг болатын язь балығы мекендейтін аймақтағы жалғыз көл.
Ғылыми, мәдени және практикалық құндылығы: Қаракөл Мұзтауға, Ақ Берел өзенінің бастауына, Көккөл сарқырамасына, Көккөл кенішіне апаратын басты жолда, теңіз деңгейінен 1685 м  орналасқан. Ұзындығы 3 км, ені 800 м, тереңдігі 10 м. Судың түсі жасыл-сары, тұнықтығы 4,2 м. Көлге 2 шағын бұлақ пен бастау құйып, Язевая өзені ағып шығады.

Катонқарағай ауданының туристік ресурстарыРахман көлі
Теңіз деңгейінен 1760 м биіктікте , орманды тік тау баурайында орналасқан Рахман көлі өзінің әсем табиғатымен таң қалдырады.
Көлдің жанында температурасы 22-43 градус С термалды судың шығатын орны бар. Судың көлемі 20 млн текше метрді құрайды. Ауданы 1,14 шаршы метр, ұзындығы 2,6 км, ені 0,6 км, жағалау сызығының ұзындығы 5,6 км.
Көлдің түсі көк-жасыл, тұнықтығы 7 м дейін байқалады. Жаз мезгілінде  судың беткі жағы 10-12 градустан жоғары жылынбайды. Судың түбінде температура 4,5 градустай болады. Мұндай төмен температура биік таулы аймақта орналасқандығымен, салыстырмалы түрде үлкен тереңдікпен (30,6 м)  және оған құйатын сулардың суық қайнарлар екендігімен түсіндіріледі. Көл жауын, қар, жер асты суларымен қоректенеді. Биік тау массивтері көлді үщ жағынан қоршап тұр.

Катонқарағай ауданының туристік ресурстарыРавновесия көлі
Ақ Берелдің жоғарғы жағында ауқымды алқапты шағын Равновесия көлі алып жатыр. орналасқан. Еріген мұздықтардан құрылған көл, Төменгі Лагерьге жақын, 2400 м биіктікте Вера (2591 м оң жағында), Надежда (2709 м сол жағында) және Любовь (3039м ортасында ) шыңдары алқабында Мұзтау массивіне қарама-қарсы орналасқан. Равновесия көлі тау ортасындағы шұңқырда тартыншақтанып тоқтап тұрған сияқты, егер табиғи тепе-теңдікті бұзсаң, барлық сұлулық бір уақытта жоқ болып, қайтадан орнына келмейтін сияқты болып көрінеді. Көлден Мұзтауға жақсы таңғы көрініс ашылады, бұлтсыз ашық кездерде тіпті бейнесі де көрінеді.

Катонқарағай ауданының туристік ресурстарыАвстриялық жол

Австриялық жол – ресми тіркелмеген атауы. 1914 - 1916 жылдары Бірінші Дүниежүзілік (Империалистік) соғыста австриялық (чехиялық) әскери тұтқындармен салынған жолды «адамның еңбек батырлығының ескерткіші» деуге болады. 2000 метр биіктіктегі 150 км. жуық қашықтықты алатын трассаны қайла мен күрекпен салуды елестету қиын. Мұнда мыңдаған адамдар опат болды деседі: біреуі биіктен құласа, енді біреуі тас басып қалған, енді біреулері мұндай ауыртпалыққа шыдамаған. Жолдың айналасы табиғаттың сан алуан таңғажайып көріністеріне бай.

Ұлы Жібек Жолының Солтүстік Тармағы (Алтын Тармақ)
Ұлы Жібек Жолының Солтүстік Тармағы- Орталық Азия аймағын, Монголия мен Қытайды  Ертіс бойымен қосатын, одан ары батыс пен оңтүстіктің аңызды ірі базарларына апаратын ежелгі керуен жолы. Бүгінгі таңда бұл бағыттар  Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің шегінде қалды.
Парк аумағында бұл жол табиғаты көркем жерлермен өтеді, әсіресе Аршаты ауылы мен Үкек асуы аралығында. Бұл жерде жол таулы, бұрқырап ағып жатқан Буқтырма өзені бойымен өтеді.  Аңғардың сол жағын биіктігі теңіз деңгейінен 3800 м биікті құрайтын Оңтүстік Алтайдың басын қар басқан, қылқанды ну орманды шыңдар алып жатыр.  Оң жағын, қылқанды сирек орман мен шалғын басқан биік емес таулар алып жатыр. Шындағатай озенінің құяр жерінен жоғарыда биік таулы жалпақ  жапырақты орман басталады, Үкек асуында биіктаулы дала мен тундраға ауысады. Үкек асуыаумағында да әсем табиғатты жерлер арқылы өтеді. Жол бойында көптеген әртүрлі уақыттаға ежелгі қорымдарды кездестіруге болады. Ұлы Жібек Жолының Солтүстік Тармағы- Алтын Тармақ деген атқа лайықты.  Бұл жолмен Алтайдың алтыны мен қоласы, скифтер мен аримаспалардың алтындары Шығыс пен Батысқа жеткізілген.  әлемдік маңызы бар Пазыр қазбалары сияқты көптеген археологиялық олжалар жолдың  Ресей  жеріндегі бөлігінде  жасалды, Қазақстан жерінде Берел қазбаларын айтуға болады. Ұлы Жібек Жолының Солтүстік Тармағының тарихи мағынасын ашу мен тарихи талдау жасау әлі де жалғасын табады және ол әлемдік маңызы бар  үлкен мәдени, тарихи және табиғи- эстетикалық құндылық екені белгілі.

Парақтар өзгертілді: 12-03-2018