Катонқарағай ауданының әкімі Р.Құрмамбаевтың Ауғандық жауынгерлерге құттықтау сөзі

Құрметті ауғандық-жауынгерлер, қадірменді жерлестер!

Сіздерді аса маңызды оқиға - кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуына 31 жыл толуымен құттықтаймын.

1989 жылдың 15 ақпанында ең соңғы кеңес жауынгері Ауғанстан жерінен шығарылды. Он жылға созылған   Ауғанстан жеріндегі соғыс қазақ жастарының батыр аталарына тартып туған намысты, ержүрек екенін дәлелдеген тарихи оқиға болды.

Соғысқа қатысқан 104 мыңнан астам Кеңес әскерінің құрамында          22 мың қазақстандық соғыс қимылдарына қатысты. Олардың 924-і жат жерде бақилық болып, 1015 жауынгер еліне мүгедек болып оралды. 21 адам мүлдем хабар-ошарсыз жоғалып кетті. 2265 қазақ жауынгері ерлігі үшін орден, медальдармен марапатталды. Солардың ішінде біздің  60-қа жуық жерлес-жауынгерлеріміз де бар. (30-ы ауданда тұрады, 3-і қайтыс болған).

 Олардың ішінде батыр-шекарашы Раджан Батырханов пен жауынгер Киікбай Жанпейісовтың есімдері ерекше аталып, ерліктері ұмытылмайды деп ойлаймын. Бүгінгі таңда Елбасы Н.Назарбаев пен Президент Қ.Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасында, Ауғандық-жауынгерлердің ерліктері жоғарғы денгейде бағалануда.

 

 Құрметті ауғандық-жауынгерлер!

Сіздер интернационалдық борыштарыңызды ақырына дейін адал атқарып шықтыңыздар. Әкелеріңіз бен аталарыңыздың үлгілі ісін жалғастырып, жағаласқан жауға қанды көбік жұтқызып, Отанға, елге берген серттеріңізге ақау түсірмей, бұйрықты адал орындадыңыздар. Елге оралып, бейбіт өмірге, еңбекке белсене араластыңыздар. Сіздер аға ұрпақ өкілдерінің дәстүрлерін лайықты түрде ілгері апара білдіңіздер.

Сіздердің ерлік істеріңізге ризашылығымды білдіреміз. Мықты денсаулық, бақыт пен бейбітшілік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Болашақ ұрпақ бейбіт аспан астында бақытты ғұмыр кешсін!