Шығыс Қазақстан облысында 12 мыңнан астам көпбалалы отбасы жаңа мемлекеттік жәрдемақы алатын болады

Жаңа мемлекеттік жәрдемақыны 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 388 теңге төленеді.
Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды, бұл 2018 жылдан бастап тағайындалмайтын осыған ұқсас жәрдемақыдан 4-7 есеге көп. Шығыс Қазақстанда 12 525 отбасы жаңа жәрдемақы ала алады, оның ішінде, төрт баласы бар 8 мыңнан астам отбасы, 5 баласы бар 3 мыңға жуық отбасы, 6 балалы 1 мыңнан астам отбасы, 7 балалы 300 отбасы.
«Менің жеті кәмелетке толмаған балам бар. Өз атымызда баспанамыз жоқ, , жалдаймыз, әрине, қиын. Атаулы әлеуметтік көмек аламыз. Жаңа жылдан бастап көп балалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақы және аз қамтылғандарға АӘК тен басқа кепілдендірілген әлеуметтік пакет болады деп естідім. Мемлекеттің мұндай назарына біз өте қуаныштымыз»- дейді Семей тұрғыны Раушан Ахметова.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша, мемлекет бойынша жаңа жәрдемақыны 340 мыңнан астам көп балалы отбасы алатын болады.
Жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізу аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағытының бірі болмақ.
«Ең басты принцип ¬– мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі! Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет кіреді», – деді Біржан Нұрымбетов.
Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар) табысына қарамастан төленеді.

АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады.
Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.