Катонқарағайда Халықаралық Инвест-форум өтті

2 қазан күні ауданымызда халықаралық деңгейдегі ауқымды шара «Катонқарағай ауданы болашағына саналы көзқарас» атты инвестициялық форум болып өтті.

«Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қоры, ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен аудан әкімдігі бірлесе ұйымдастырған форум шырайлы өлкеміздің туристік кластерін дамыту мәселелеріне бағытталған алғашқы шара болып табылады. Оны өткізудегі басты мақсат–ауданымыздың тұрақты дамуы үшін бизнес қоғамдастықты шоғырландыру.

Ауқымды басқосуға бүгінде Астана, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан, Карағанды, Талдықорған қалаларында еңбек етіп жүрген шағын және орта бизнес саласындағы жүзден астам аудан тумалары, сондай-ақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Kazakh Tourism» жне «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниялары, Қазақстандық Туристік ассоцияциясы мен ACT Kazakhstan сынды еліміздегі ірі туроператорлық компаниялардың өкілдері, Қырғызстан, Моңғолия және Қазақстандағы туристік сала сарапшылары қатысты. Олар өзекті мәселелер көтеріп, ұтымды ұсыныстар айтты.

Алқалы жиын қорытындысында  үш ірі жоба бойынша меморандумдарға қол қойылды.  "Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы"қоғамдық қорының құрылтайшыларының бірі Серік Толықпаев  туған өлкені дамытуға өз активтерінен 500 миллион теңге бөлді. Ақша 10 жыл ішінде тең үлеспен түседі. Сондай-ақ, арнайы  сайт құрылып, туристік бағыттар әзірленетін болады. Жалпы қаражат Катонқарағай ауданының экономикасын, әлеуметтік ортасын және экологиясын дамытуға жұмсалады.

Катонқарағай ауданының дамуына үлес қосып, табысты жобаларды жүзеге асырам деген кәсіпкерлер болса аталмыш форум барысында ұсынылған жобалармен investkaton.kz сайтынан толық танысуға болады.