Автокөліктегі өрт қауіпсіздігі шаралары

Қазіргі уақытта, көліктегі өрттер саны тұрғын үй секторларындғы өрттерден кейін екінші орында тұр. Катонқарағай ауданы аумағында 2019 жылдың аз уақыт аралығында 3 автокөліктің жануы тіркеліп, оның 3 толығымен жанып кетті және қалпына келтіруге жарамсыз. Өрттен келген шығын мөлшері 5 миллион теңгені құрады, осыған байланысты Катонқарағай ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен жанар-жағармай құю станциялары басшыларына автокөлік құралын жүргізушілеріне кеңінен тарату үшін «Автокөліктегі өрт қауіпсіздігі шаралары» тақырыбындағы жадынамалар берілді.

Көлік құралдарында өрт қозғалыс кезінде немесе тұрақта, қозғалтқышты іске қосу кезінде немесе шағын жол апатынан кейін кенеттен басталуы мүмкін. Өрттің пайда болуының себептері: қосымша жабдықтарды (дабыл, тұманға қарсы фаралар, радио, ішкі тюнинг т.б.) көлікке сапасыз орнату салдарынан электр сымдарына шамадан тыс күш түсу, қатып қалған қозғалтқышты қыздыру үшін дәнекерлеу және басқа да ашық от көздерін пайдалану; электргаздәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде отты абайсыз пайдалану; автокөлікте темекі тартқан кезде; автокөлік жабдықтарының дұрыс қондырылмауы немесе істен шығуы - нәтижесінде өрт кенеттен үлкен апатқа айналуы мүмкін. Ол әсіресе қозғалыс кезінде, отқа оттегі ағыны шектелмеген кезде аса қауіпті болып келеді: оттегінің есебінен жану өршіп, алаңы ұлғая береді.

Көлікте пайда болатын өрттің көп жағдайда алдын алуға немесе пайда болу қауіпін азайтуға болады. Ол үшін автокөліктің техникалық жағдайын үнемі тексеріп отыру керек.

Өрт пайда болған жағдайда жүргізушілер келесі шараларды қолдануы қажет:

1. Үрейге бой алдырмау.

2. Автокөлікті тоқтатып, қозғалтқышты сөндіру.

3. Автокөліктен шығып, жолаушыларды түсіру, олардың қауіпсіз қашықтыққа (кем дегенде 10 метр) кеткеніне көз жеткізу. Сондай-ақ 101 немесе 112телефон нөмірлеріне қоңырау шалуды ұмытпау.

4. Егер де жану басталу және көңірсу сатысында болса – өрт сөндіргіштің көмегімен өртті өз бетінше сөндіріп көру. Оттегінің түспеуін қамтамасыз етуге тырысу қажет. Ол үшін тығыз киімдерді пайдалануға болады.

5. Егер өрт мотор бөлімінде басталса және қандай сатыда екені белгісіз болса, капотты ашудың қажеті жоқ. Өрт сөндіру кезінде таза ауа бермес үшін капоттың қақпағын ашпаған дұрыс. Қақпақта сәл ғана саңылау беріп, өрт сөндіргіштің басын жанып жатқан жерге бағыттау керек.

6. Егер өрт салонда басталса, терезелерді және есікті қажетінсіз ашпау. Оттегі жетіспеуіне байланысты өрт сөніп, ыдырау сатысына көшуі мүмкін.

7. Үлкен көлемді өртті өз бетінше сөндіруге әрекет жасамау.

8. Өртті жою мүмкін болмаған жағдайда, көліктен алысырақ қауіпсіз қашықтыққа (кем дегенде 10 метр) кету керек, себебі жанар май багі жарылуы мүмкін.

Сонымен қатар автокөліктегі өрттерді сөндіру үшін оларды қол өрт сөндіргіштерімен қамтамасыз еткен жөн. Жеңіл автокөліктерді ОП-5 немесе ОУ-3 типті өрт сөндіргіштермен қамтамасыз етуге кеңес береміз. Оны сатып алысымен автокөлікке оңай алынатын жерге бекітіп қою қажет. Оларды автокөлікте қатты ыстық пен өте төмен температурада қалдырмауға тырысыңыз және өрт сөндіргіштің манометрі жасыл деңгейде тұруын үнемі қадағалап жүріңіз және қолдану туралы нұсқаулығын мұқият оқып шығыңыз. Сіздің өміріңіз бәрінен де маңызды екенін және өз қауіпсіздігіңіз үшін үнемдеуге болмайтынын естен шығармаңыз!!!

Катонқарағай ауданының ТЖБ