Аудандық әкімдіктің кезекті отырысы

30 қыркүйек күні аудан әкімі Ренат Құрманбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінің кезекті отырысы өтті. Оған аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімі аппаратының басшысы, құқық қорғау органдарының, дербес бөлімдердің, ұйымдар мен мекемелердің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібіне сәйкес отырыс барысында ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы С. Гавриловтың "Ауданның тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени және әкімшілік-шаруашылық мақсаттағы объектілерінің 2019-2020 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындығы туралы" баяндамасы тыңдалды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Л. Тоқсанова жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы ЖПҚ бастығы Қ. Әбенов баяндады. "Катонқарағай ауданының болашағына саналы көзқарас" инвестициялық форумын өткізуге дайындық барысы туралы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ж. Сәрсембаева хабарлады.

Ақпараттарды тыңдап және қорытынды жасай отырып, аудан әкімі тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету, қазандықтардың уақытылы жұмыс істеуі және ауа райының жағдайына байланысты мектептер мен балабақшалардың электр жылуын ерте қосу жөнінде тиісті тапсырмалар берді. Аудан басшысы жергілікті полиция қызметі жұмысына қанағаттанарлық баға беріп, полиция қызметкерлері уақытында іс-қимыл жасау мақсатында тұрғындар куә болған тәртіпбұзушылықтарды түсіріп немесе хабарлама жасау үшін WhatsApp мессенджерінде кезекші телефон нөмірін белгілеу қажет екенін атап өтті. Онан соң, Ренат Тілеуханұлы 2 қазан күні Катонқарағай ауылында өтетін Инвест-форумды тиісті деңгейде және жемісті нәтижемен дайындау және өткізу жөнінде бірқатар нұсқаулар берді.