Аққайнар ауылында 150 адамға қызмет ететін кафе ашылды

Қазiргi уақытта ауылдық жерлердiң ахуалы айтарлықтай артып келедi. Ауыл халқы нарық талабына бейiмделiп, заман ағымына орай жұмыс жасай бастады. Шағын және орта бизнестiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн ынталандыру – алдымызға қойылған басты мiндет.

Бүгiн де елдiмекендерден осы мүмкiндiктердi оңтайлы пайдаланып, ауыл халқына мүлтiксiз сапалы қызмет жасайтын орындар ашып, кәсiбiн өрге домалатып жүргендер қатары көбейiп келедi. Бұлар бiрiншiден өзiнiң күнкөрiс көзiн тауып, кәсiбiн жетiлдiрсе, екiншiден өзiнiң туған ауылын өркендетiп, тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде.

2019 жылғы 06 шілдесі күні елдігімізді танытар, берекемізді тасытар, баршамызға бақ қондырған еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан күні мерекесіне орайластырып, Аққайнар ауылының тумасы Джаманбаев Серік Ерболұлы өзінің туған ауылынан 150 адамға қызмет көрсететін кафе ашты.

Ауылдық округ әкiмi С. Құрманов құттықтау сөзінде бұл орын тұрғындар талабына сай жұмыс жасап, тек қуанышты, салтанатты жиындардың ордасына айналсын деген iзгi ниетiн білдіріп, осындай игiлiктi iстiң бастамасы жалғасын тауып, халыққа қалтқысыз қызмет көрсететiн құтты орын болсын деген тiлегін жеткiзді.

Ауыл кәсіпкері Демеуов Бердіхан және Дадырова Жібек апа жаңа ғимараттың лентасын қиып, салтанатты түрде ашылу рәсiмiн жасады.

Кафенің ашылу салтанатына шақырылған қонақтар жаңа ғимараттың дизайндық талғамына жақсы баға беріп жатты.