Солдатово ауылында жаңа клуб

Елордамыз Нұр-Нұрсұлтан қаласының туған күні мерекесінде солдатовалық ағайын үшін  қуанышты жаңалық орнады. Осы елдімекендегі ауылдық Мәдениет үйінің ғимараты  қайтадан күрделі жөндеуден өтіп, бас аяғы жарты жылдың ішінде аяқталып, тұрғындар игілігіне берілді. 

Облыс басшысы Даниал Ахметовтың қолдауының арқасында аталмыш нысанға көлемді  қаржы бөлініп, көп ұзамай  өскемендік "Али стар" мердігерлік ұйымы жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті. Бұрынғы ауылдық клуб   ғимаратын толықтай қалпына келтіріп,  көңілдегідей етіп пайдалануға беру үшін  облыстық бюджет есебінен  80 млн. астам теңге  жұмсалды. Енді  мұнда тек мәдениет үйі ғана емес,  сондай - ақ,  ауылдық округ әкімшілігінің аппараты,  жергілікті учаскелік полиция, пошта қызметі, учаскелік медпункт, ауылдық кітапхана орналасатын болады. Ауылдастардың бұқаралық спортпен шындап айналысуы үшін  су жаңа спорт  зал   да осы ғимарат ішінде. Тұрғындарға барлық жайлылық ұсынылған, ғимарат іші  орталықтандырылған  су жүйесімен,  электрлі жылумен толықтай қамтамасыз етілген. 

Ауылдық Мәдениет үйінің ашылу салтанатына  аудан  әкімі Ренат Құрмамбаев пен  ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары,  аудан орталығы мен ауылдық округтерден келген өнерпаздар құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Өнерпаздар мерекелік бағдарламаларын тарту етті.