Табиғатты өрттен сақтайық

Катонқарағай ауданы бойынша жыл басынан 8 рет құрғақ шөптің жануы тіркелді. Бір өңірдегі өрт сөндіріліп жатса, басқа маңнан жаңа өрт қылаң береді. Бақылаусыз жанып жатқан дала өрттері қаншама.

Қоршаған ортада туындаған өрттің себептері де әр түрлі. Оған ең бастысы адамның да кінәраты бар десек артық айтпаймыз. Табиғатқа дем алуға шыққан азаматтардың жаққан оттарын сөндірмей кеткендерінен, көлік жүргізушісінің жол жиегіне өшірмей тастай салған темекі тұқылынан  өрт шыққан оқиғалары және малшылардың мал жайылымдарында көктем кезінде ескі шөптің орнына жаңа шөп шықсын деген оймен әдейі өртейтіндер де кездеседі. Бұның барлығы да адамзаттың табиғат-Анаға деген немқұрайлы көзқарасынан туындайтындығы сөзсіз.

Қоршаған ортада орын алған өрттің зияны да ерекше. Біріншіден, ауа ластанса, келесі кезекте өрттің орманға түсу қаупі артады, мал жайылымдары, шабындық жерлер зақымданады. Жәндіктерді есептемегенде, қаншама құстар мен аңдардың ұялары мен мекендері жанып кетеді. Биолог ғалымдардың айтуынша, өртенген орманның қалпына келуі үшін кемінде 1 ғасыр керек.

Құрметті Катонқарағай ауданының тұрғындары!!! Катонқарағай өңірі өзінің көрікті табиғатымен, жазиралы даласымен ерекшеленіп, көз тартады. Жер жанаты саналатын өңірімізді  өрттен қорғауға шақырамыз.

Өрт болған жағдайда «101» немесе  Үлкен Нарын ауылы «2-13-01», Катонқарағай ауылы «2-92-63» телефондарына қоңырау шалыңыз, өзіңіздің аты-жөніңізді, мекен-жайыңызды айтуды ұмытпаңыз.

Катонқарағай ауданының ТЖБ аға инженері азаматтық қоғау лейтенанты Арманов Н.А.