Алтынбелдіктер Ұлыс күнін тойлады

Өткен сенбіде Алтынбел ауылдық округінде Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы  мен "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы аясында "Ұлы дала наурызы" деген атаумен Наурыз мерекесі тойланып өтті. Алтынбел ауылындағы орталық саябақта таңертеңнен бастап жергілікті тұрғындар мен шара қонақтары жиыла бастады. Келген көпшілік  жайылған ақ дастарханнан дәм татып, аста төк Наурыз көжеден ішіп, ауылдық округ әкімшілігі мен жергілікті мекеме ұжымдарының бірлесе ұйымдастырған мерекелеік концертті тамашалады. Игі шараға әдейілетіп ат басын бұрған аудан басшысы А.Нұрғожин барша  қауымды көктемнің жайма шуақ  мерекесі, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ақжолтай тілектерін жолдады. Онан бөлек, аталмыш шара барысында аудан әкімі  ыңғайлы сәтті пайдалана отырып, Майемер ауылының тумасы,  аудандық мәслихаттың  өткен шақырылымдарындағы   депутаты болған, кәсіпкер Мұхамедқали  Бұлғыновқа  аудандық мәслихаттың өткен жылдың желтоқсан айындағы шешімімен  ауданның "Құрметті азаматы" төсбелгісі мен куәлігін табыс етті. Сондай ақ, мереке қатысушыларын жергілкті кәсіпкер, "Найман" ШҚ басшысы Жиенбол Старшинаев құттықтап, барша жақсылықтарды тіледі. 
Осы күні  тұрғындар мен қонақтар мерекелік концерттен бөлек, ұйымдастырылған спорттық ойындарға да куә болды. Мұнда арқан тарту, қой көтеру, доңғалақты аудару сынды жарыс түрлері үйымдастырылды. Мәселен. қой көтеруде қатысқан он екі адамның ішінен алтынбелдік Рафхат Мұрал қырық бес келі қойды жүз елу рет көтеріп, жеңімпаз атанды. Арқан тартуда бірінші орынды Солдатово ауылдық округінің командасы жеңіп алды. Ауыл ортағылығындағы мерекелік шаралар түс ауа жергілікті ипподромдағы  бәйгеге ұласты. Онда тай,  құнан,  және он шақырымдық  бәйге аттары мен жеті жарым километрдегі жұмыс аттарының  бәйгесі өтті. Екі жарымдық Тай жарыста мәрені бірінші болып Егінді ауылынан Ерболат Тоқсановтың қосқан сәйгүлігі кесті. Бес шақырымдық Құнан жарыста тағы да Е.Тоқсановтың тұлпары жеңімпаз атанды, Жеті жарым км де үштөбелік атбегі Баянғазы Қабдығалиевтің "Еркежирені" бірінші орынға ие болса, 7,5 шақырымдағы  жұмыс аттарының жарысында Қ.Атамекеннің қосқан "Ақжолы"  жеңімпаз атанды. 
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйақыларға  ие болды.