Патриоттық тәрбиені күшейту қажет

13 наурыз күні аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі Ахметқали Нұрғожиннің төрағалығымен әскери қызметке шақыру бойынша жиналыс өтті. Отырыс жұмысына ШҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Қайырбек Қайырканов, аудандық әкімдік мүшелері, бөлімдер мен құқыққорғау органдарының басшылары, мектеп директорлары  және азаматтарды әскери есепке алуға жауапты мамандар қатысты.

Ахметқали Ахашұлы аталмыш шараның мақсатымен таныстырған соң, сөз  ШҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Қайырбек Қайыркановқа берілді. Ол 2018 жылғы көктемгі және күзгі әскери қызметке шақыру науқанының қорытындыларымен таныстырып, ағымдағы жылғы жағдай жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар, Елбасы Жолдауындағы патриоттық тәрбие ролін күшейту бойынша тапсырмаларды жүзеге асыру аясында облыс мектептерінде АӘД сыныптары негізінде «Жас сарбаз» жастар-патриоттық клубтар ашылатынын мәлім етті.

Аталмыш мәселелерді талқылау барысында аудан басшысы барлығын жастарға патриоттық тәрбие беруге белсене атсалысуға шақырып, жас өспірімдер арасында Отан алдында  әскери борышын өтеу маңыздылығы мен тиімділігі жөнінде түсіндірмелі  жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Жиын соңында Қайырбек Сайлаубекұлы әскери қызметке шақыру науқанына белсене қатысып, аудан жақсы нәтиже көрсеткені үшін аудан әкімі А.Нұрғожинге «Жергілікті әскери басқару органдарына 100 жыл» мерейтойлық медаль табыс етті.