Гүл сыйлайық әйелге!

7 наурыз күні аудандық Мәдениет үйінде Халықаралық әйелдер Күні мерекесі құрметіне «Гүл сыйлайық әйелге» атты салтанатты шара өтті. Залда ауданның әрбір саласында жұмыс атқарып жүрген әйелдер қауымы, еңбек ардагерлері, аналарымыз бен апаларымыз жиналды. Бұл күні оларға жан-жақтан жылы лебіздер мен жақсы тілектер легі толастамады.
Бірінші болып ардақты әжелерді, аяулы аналарды, сұлу аруларды аубан басшысы Ахметқали Нұрғожин құттықтады.
Аудан әкімі аналарымыздың шаңырақ отын маздатып, өңір дамуына өлшеусіз үлес косып келе жатқандығына тоқтала келе, өзінің мерекелік құттықтауын жеткізді: - Сұлулық пен нәзіктіктің иесі - Сіздерді осынау мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әйел, отбасы, қоғам бұл үшеуі өзара тығыз байланысты. Әйел - ең алдымен, ұрпақ бақытына, өз шаңырағына, сондай-ақ, Отанымыздың болашағына жауапты тұлға. Шуақты мереке қарсаңында сіздерге зор денсаулық, отбасылық бақыт пен қызметтеріңізге сәттілік тілеймін! Жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден қуаныш кетпесін!- деді ол.
Жылдағы дәстүрге бойынша сахнадан аналарға, әйелдер қауымына арнап ән шырқап, залда жиналған нәзік жандыларды ауданның еркектер қауымы өз өнерімен тәнті етті. Сонымен қатар, залда жиналған әйелдер қауымының әрқайсысына аудан әкімі атынан сыйлық – тірі гүл шоқтары жағымды тосынсый болды. Және арнайы катонқарағайлық аналарға, қыз-келіншектерге қазақстандық эстрада жұлдыздарының жолдаған бейнеқұттықтаулары ерекше қуантып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.