|
Су тасқынынан зардап шеккен Тарбағатай ауданының Жантыкей ауылына қайырымдылық концерті
2010 жылдың 21-22 күндері Катонқарағай ауданының «Мәдениет және демалыс орталығының» өнерпаздары су тасқынынан зардап шеккен Тарбағатай ауданының Жантыкей ауылына қайырымдылық концерттік сапарымен барып қайтты. Қатты су тасқынынан кейін Елбасының тапсырмасы бойынша, облыс әкімі Б.Сапарбаевтың ұйымдастыруымен Жантыкей ауылы бүгінгі күннің талабына сай жаңа жерден қоныс көтеріп жатыр екен.
Ауыл адамдарының күшімен, жан- жақтан келген құрылыс бригадаларының құрылысшыларының көмегімен 191 жаңа мекемелер мен үйлер салынып, аяқталып қалыпты. Үйінің төбесімен бірге қабырғасын да сөгіп кеткен ағайындардың кірбің түскен қабағын бір сәт жадыратып, бүктелген белін жазып, рухын көтеруге көңіл көтерер концерт керек-ақ екен.
«Ер етігімен су кешкен» қиямет заманда елінің амандығы үшін күрескен азаматтарға арнап әсем әндер орындап, күмбірлетіп күй шерткен Катонқарағай мәдениет үйінің әншілері Жанна Сокосова, М. Әбішев, Қ. Боқанов, Барлық ауылдық клубының көркемөнерпаздары М.Жексекенев, Қ.Демесіновтың орындауларындағы әндерді көпшілік ризашылықпен қабылданды,
Жас әнші Т. Молдабековтың жастарға арналған әндері мен Н. Даулетханның күйлері, әншілер М.Отарчинова мен Қ. Нұрғазиевтің өнерлеріне көрермендер қошеметпен қол соғып отырды. Концертті жүргізуші Б.Қожағұмарова ертеңі ертегі күндерге сенім артқан ауыл тұрғындарына қажырлы қайрат пен ынтымақ, бірлік тілеп, «Ырғызбай» ауылының ашылу салтанатында да концерт қойып беруге уәде берді.
 |
 |
Мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің бас маманы Д. Асанова
|