Мәдениет

Катонқарағай ауданының Социалистік Еңбек Ерлері

kn    Кітапбаев Бошай  - Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Жаңаүлгі ауылында 1923 жылы дүниеге келді. 1941 – 1944 жылдар аралығында Қызыл Әскер қатарында болып, фашистік оккупанттармен шайқаста ауыр жараланды. 1944 жылдан 1955 жылдары Катонқарағай ауданы және Зырян қаласында партиялық жұмыста болды. 1955 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданы Ленин атындағы колхоздың бастығы қызметін атқарады. Ауыл шаруашылығын дамытуға  және бесжылдық жоспарды орындауда қосқан үлкен еңбегі үшін Кітапбаев Бошай СССР Жоғарғы КеңесініңТөрағасының Жарлығы бойынша 1971 жылдың 8 сәуірінен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

kn    Сычук Александр Емельянович – 1930 жылы Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданы Усть-Нарым ауылында шаруа отбасында  дүниеге келді. Еңбек жолын соғыс жылдары Чапаев атындағы ауылшаруашылық артелінде бастады. Механизаторлар мектебін тәмәмдап, 1942 – 1950 жылдары тракторист болып жұмыс істеді, әскери қызметін өтеп 1953 жылдан бастап тракторист-комбайнер болып алдымен колхозда, 1961 жылдан колхозды қайта ұйымдастырудан кейін «Хайрузовка» совхозының 2-ші бөлімшесінде жұмыс істеді.Александр Емельянович жыл сайын аудан бойынша еңбекте жоғары жетістіктерге жетіп отырды. Дәнді дақылдарды дайындау және өнімділігін арттыруда көрсеткен жоғарғы көрсеткіштері үшін 1967 жылы 19 сәуірден Сычук Александр Емельяновичке Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

kn    Лозовой Николай Иванович – 1922 жылы Захарово ауылы Канышев ауданы Курск облысында кедей шаруа отбасында дүниеге келді. 1941 – 1946 жылдары Армия қатарында қызмет етіп, Ұлы Отан соғысына қатысты.
1955 жылы Н.И.Лозовой Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданы Солдатово ауылына келеді. Калинин атындағы колхоздың басшысы болып тағайындалады. Шаруашылықты алғы қатарға шығару үшін партияның нұсқауымен келген жас басшы бар күш жігерін аямай жұмысқа салды. Нәтижиесінде, дәнді дақылдарды, жем-шөпті дайындау және өндіру, ауылшаруашылық техникасын пайдалануда көрсеткен жоғарғы жетістіктері үшін 1966 жылы 23 маусымнан Лозовой Николай Ивановичке Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

kn    Омаров Ғайнолла Омарович – 1910 жылы Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданы Балғын ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын жасөспірім кезінен бастап, 1930 жылы әкесімен «Суық шат» ауылшаруашылық артеліне түседі. Қатардағы колхозшы, есепші, ауылдық кеңестің хатшысы, қызыл отау үйінің меңгерушісі болып қызмет етті. Ұлы Отан соғысының ардагері. «Балғын» колхозының мал фермасында меңгерушісі болып жұмыс істейді. 1948 – 1960 жылдары Андреев атындағы «Парижская коммуна», Абай атындағы колхоздардың басшысы, 1961 жылдан «Қазақстанның 40 жылдығы» совхозының бөлімшесінің басшысы қызметін атқарады.
Дәнді дақылдарды өндіру және мемлекетке тапсыруда, 1956 жылы жоғарғы көрсеткіштерге жеткен еңбегі бағаланып СССР Жоғарғы Кеңесінң Президиуымының Жарлығы бойынша  1957 жылы 11 қаңтардан Омаров Ғайнолла Омаровичке  Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

kn    Слабодчиков Селивестр Климович  - Белоруссияда Могилев облысы Казельск ауылында 1938 жылы дүниеге келді.
Қазақстанға 1958 жылы келеді. Большенарым ауылында «Қазақстанның 40 жылдығы» совхозында тракторист-комбайнер болып істейді. Дәнді дақылдарды жинауда жеткен жоғарғы көрсеткіштері үшін 1981 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

kn    Қалиев Ауталип Елтренович – 1925 жылы Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданы Жұлдыз ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келді.  1940 – 1943 жылдары «Қызыл Жұлдыз» колхозында еңбек етті. 1943 – 1950 жылдары Советтік Армияда борышын өтейді.Ұлы Отан соғысының ардагері. Әскери қызметтен босаған соң Ленин атындағы Өскемен Ленин орденді қорғасын-мырыш комбинатының  электролитты цехына жұмысқа түседі.
Түсті металлургияның өркендеуіне қосқан елеулі табысы үшін 1966 жылы 20 мамырда Қалиев Ауталип Елтреновичке Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.    

 

Парақтар өзгертілді: 21-06-2016